Коронавирус пандемиясы кезінде де жалған ақпарат таратушыларға тұсау болмай тұр

08.04.2020 05:31

2000-2010 жылдары Чарльз Либер әлем бойынша ең мықты химик, нанотехнология саласындағы жетекші ғалымдардың бірі саналған

qazweek.kz

Коронавирус пандемиясы кезінде де жалған ақпарат таратушыларға тұсау болмай тұр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мәселен, жақында ғана "американдық ғалым Чарльз Либер коронавирусты ойлап тапқаны үшін тұтқынға алынды" деген ақпарат Ресей сайттарында жарық көрді. Оған сүйеніп, біздің де бірнеше отандық бұқаралық ақпарат құралдары да жариялаған еді. Ал шындығында Гарвард Университетінің профессоры Чарльз Либер Қытай үкіметінен қомақты қаржы алып, Ухань технологиялық университетінде зертхана құрған. Бұл әрекетін АҚШ үкіметінен жасырғаны үшін биыл 28 қаңтарда ғалымды Федералдық тергеу бюросы тұтқынға алды. АҚШ-тың NPR деп аталатын қоғамдық радиосының хабарлауынша, коронавирус дәл осы Ухань қаласында пайда болғандықтан, Чарльз Либердің есімімен байланысты жалған ақпарат интернет арқылы тез тарап кеткен. Бұл ақпаратқа сүйеніп  Fox News телеарнасында Арканзас штатынан шыққан сенатор Том Коттон ғалымды сынға алған еді. Айта кетерлік жәйт, 2000-2010 жылдары Чарльз Либер әлем бойынша ең мықты химик, нанотехнология саласындағы жетекші ғалымдардың бірі саналған.