Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) Түркияның халықаралық атауын өзгерту туралы өтінішін мақұлдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі baq.kz сайтына сілтеме жасап.
Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының өкілі Стефан Дюжаррик Түркия Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоғлудан Бас хатшы Антониу Гутерришке Түркияның шет тілдердегі атауын Turkiye деп өзгертуді талап ететін хат алғандарын айтты.
Дюжаррик ел атауын өзгерту хатты алған сәттен бастап күшіне енетінін айтты.
Президент Режеп Тайып Ердоғанның басшылығымен елдің беделін көтеру үшін басталған процесс аяқталуға жақын. Бүгін БҰҰ Бас хатшысының атына жолдаған хатым бойынша, еліміздің атын БҰҰ-да шет тілдерінде Türkiye деп тіркейміз. Тек жақсылыққа бастасын! – деп жазды Чавушоглу.
Осылайша, бұдан былай Turkiye ("Туркийе") атауы барлық халықаралық форумда және ресми құжатта қолданылады. Бұрын Turkey, Turkei, Turquie деп жазылған.
Еске салайық, Түркия БҰҰ-ға елдің атын шет тілдерінде жазуды өзгерту туралы ресми өтініш берген болатын. Бұл туралы Түркия СІМ басшысы Мевлют Чавушоглу өзінің Twitter-дегі ресми парақшасында айтты.