Англияның Уорикшир графтығында дәрігерлер терісіз дүниеге келген нәрестені аман алып қалды, деп хабарлайды Daily Star.
2018 жылдың 24 қарашасында 19 жастағы Джессика Кибблер тұңғышы Кайден Джейк Шаттокті жүктілігінің жетінші айында дүниеге әкелді. Жаңа туған шақалақтың салмағы небәрі 1,1 кг еді. Денесіндегі тері қабатының мөлшері екі процент қана болатын. Дәрігерлер жас ата-анаға баланың аман қалуы екіталай екенін ескерткен.
«Медбикелер алғаш рет бізге Кайденді көрсеткенде, қып-қызыл шикі ет сияқты болатын», - дейді Кибблер.
Оның айтуынша, дәрігерлер баланың бетін бері қарату үшін қолдан келгеннің бәрін жасаған. Бір жарым айда терісі біртіндеп өсе бастапты. Осы уақыт бойы сәби киімсіз, жалаңаш жатты: денесіне бірдеңе тиіп кетсе, қатты ауырсынып, жылай беретін.
Ер бала туа бітті сепсис (қанның бұзылуы), некротикалық энтероколит (ішек ауруы), герпес, бронхиолит және тағы басқа дерттермен күресті. Мамыр айының басында кішкентай науқасқа ота жасапты: қарнындағы терісін алып, оң қолына салды. Кайденге әлі де кем дегенде әлі төрт ота жасау керек.
Жүктілік кезінде бойжеткен гидронефрозом сырқатына шалдығып, босанардан үш ай бұрын қан кеткен екен. Іштегі нәрестені дәрігерлер жоспарлы түрде тексеріп отырса да, Кайденнің денсаулығынан ешқандай кінәрат таппапты. Олар әлі күнге дейін бұл сирек аурудың себебін анықтай алмай отыр. Сөйтіп, сәбидің медициналық тарихын шетелдік мамандарға зерттеуге берді.
Қазір алты айлық Кайденнің денсаулығы жақсарып келеді. Салмағы 4,3 килограмм болды.