Елінен қашқан Ауған президенті Ашраф Ғани өзінің фейсбук желісінде бейнежазба жариялады. Ол Біріккен Араб Әмірлігінде екенін және Кабулдан ақша алып кеткені туралы қауесеттің негізсіз екенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Осыған дейін Республиканың бұрынғы басшысына 169 миллион доллар жымқырып, елін сатып кетті деген айып тағылған еді. Ашраф Ғани бұған сенбеуге шақырып, жақын арада елге оралатынын мәлімдеді. Еске салайық, ол Ауғанстаннан 15 тамыз күні Қазақстанда тыйым салынған Талибан ұйымы Кабулды құрсауға алған тұста кеткен болатын.
«Қауіпсіздік күштерінің мүшелері маған қастандық дайындалып жатқанын хабарлады. Өткен жексенбі күні мен мен кеңседе әдеттегідей жұмыс істеп отырған едім. Түстен кейін Кабулдағы жағдайды бағалау үшін Қорғаныс министрлігіне барып едім, кенеттен күзетшілерім үлкен қастандықтың алдын алып, мені алып кетуге келді. Жеке басын ойлап, елден қашты деген ақпарат жалған», – деді Ауғанстанның экс-президенті Ашраф Ғани.