Оңтүстік Кореяда коронавирус жұқтырғандар саны 1146-ға жетті

26.02.2020 14:33

Қазіргі уақытта Оңтүстік Кореяда коронавирустан 11 адам қайтыс болды

bigpicture.ru

Сәрсенбі күні Оңтүстік Кореяда тағы 169 адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ренхап агенттігіне сілтеме жасап.

Осылайша елде жалпы коронавирус жұқтырғандар саны 1 146-ға жетті. Еске сала кетсек, Оңтүстік Кореяда вирус жұқтырған алғашқы адам қаңтардың соңында тіркелген болатын. Қазіргі уақытта Оңтүстік Кореяда коронавирустан 11 адам қайтыс болды, оның ішінде бауырды ауыстыру үшін ауруханаға жатқызылған 36 жастағы Моңғолия азаматы бар.

Індеттің 80 пайызға жуығы коронавирустың негізгі таралу ошағы – оңтүстік-шығыста орналасқан Тэгу қаласындағы діни секта мен көршілес Чхон уезіндегі емханада тіркелді. 169 жаңа оқиғаның 153-і Сеулден оңтүстік-шығысқа қарай 300 шақырым жерде орналасқан Тэгу қаласы мен көршілес Солтүстік Кенсанда тіркелді. Барлық ірі провинциялар мен қалалар инфекция жұқтырған адамдардың бар екені туралы хабар берді. Оңтүстік Корея астанасы Сеулде тағы төрт адам вирус жұқтырды. Мұндай мәліметті Кореяның ауруларды бақылау және алдын алу орталығы (KCDC) ұсынды. KCDC дерегі бойынша, Оңтүстік Кореяда ауқымы жағынан екінші орын алатын Пусанда тағы 8 адам вирус жұқтырғаны анықталды.

Елдегі халық ең тығыз орналасқан Кенгидо провинциясында бір адам індет жұқтырған. Жексенбі күні вирусты ескерту дәрежесі ең жоғарғы – «қызылға» жеткеннен кейін, денсаулық сақтау органдары вирус ошағы - Тэгу қаласы мен Солтүстік Кенсан провинциясында індеттің таралуын тоқтатуға баса назар аудара бастады. Сарапшылардың айтуынша, жақын күндері коронавирус жұқтырғандардың саны артады. Өйткені денсаулық сақтау органдары Синчхонджи мен басқа провинциялардағы Иисус шіркеуі діни сектасының 210 мыңнан астам мүшесін тексерістен өткізуді жоспарлап отыр.