Табиғи апат елдің барлық аумағын қамтыған
АҚШ-та қатты жауған қар мен қарлы боран құрбандарының саны 60-тан асты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Azattyq Ruhy агенттігіне сілтеме жасап.
Табиғи апат елдің барлық аумағын қамтыған. Алайда елдің солтүстік-шығысындағы жағдай күрделі болып отыр. Өз көлігінде қаза тапқандардың көпшілігі қар басқан жолдарда қалып қойған. Ауа райының қолайсыздығы жаңажылдық мереке кезінде бұрын-соңды болмаған көлік кептелісіне әкелді.
«Қазір көптеген жол толығымен жабылды, оларға шығу мүмкін емес екенін хабарлаймын. Жұрт сол жолдармен жүруге, осы аймақтарға кіруге тырысады, бірақ бұл мүмкін емес. Сіздер мэрдің үйде отыруды сұраған өтінішін естідіңіздер. Өтінемін, үйде қалыңыздар», - деп үндеу жасады Эри округінің басшысы Марк Полонкарз.
Қар үйінділері құтқарушылар мен жедел жәрдем жұмысына кедергі келтіріп жатыр. АҚШ-тың шығысындағы ауқымды қысқы циклон «ғасырлар дауылы» деп жарияланды. Мұндай ауа райы кем дегенде 50 жыл бұрын болған. Оңтүстікте — тіпті Флорида мен Джорджияда ауа температурасы -10°C-ге дейін төмендеді.
Бүкіл ел бойынша ондаған мың рейс тоқтатылды, бұл жағдай ондаған миллион америкалықтың мерекелік жоспарын бұзды.