18 адам ауыр халде жатыр
Түркия Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Фахреттин Қожа сейсенбіде Хатай провинциясында кеше түнде болған 2 жер сілкінісінен 294 адам зардап шеккенін мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Иранда жер сілкінді. Бүгін таңертең болған апаттың магнитудасы 5,1 балл деп бағаланып отыр. Жергілікті сейсмологиялық орталықтың ақпарына сүйенсек, дүмпу 10 шақырымдық тереңдікте болған. Қазір оқиға орнында тиісті мамандар жұмыс істеп жатыр. Өзге ақпар әзірге жария етілген жоқ.
Ал Мамандар 6 ақпаннан бері Түркияның Сириямен шекаралас аудандарында 6 мың афтершок тіркелгенін айтады. Әлі де түрлі деңгейде дүмпу байқалған аумақтарға қазір тұрғындар қайта баруға қорқады.
«Қатты сілкінді. Қазір ұйықтаудан да қалдық қой, далаға жүгіріп шықтық. Абырой болғанда, адамдар аман», – деді тұрғын.
«Отырғанбыз. Жер сілкіне бастағанда Құдайға жалбарынып, көмек сұрадық. Шыны керек, қатты қорқып қалғанбыз», – деді тұрғын.
Кешегі зілзалада жалпы 12 адамның қайтыс болғаны туралы ақпар тарады. Қайталанған қасіреттен Түркияда 294, ал Сирияда 470 адам жарақат алған. Жергілікті билік қиранды астында қалған азаматтарды құтқару қиындағанын айтып, дабыл қағып отыр.
«Мұндай табиғи апаттың қайталануы мүмкін екенін бәріміз білеміз, сондықтан азаматтары қауіпті ғимарат ішіне кіруден сақ болуға шақырамын. Бір түннің өзінде 26 рет қайта дүмпу тіркеліп отыр. Мамандар тыйым салған, белгі қойған аумақтан алыс жүріңіздер, мұндай қиын шақта әр азаматтың амандығы керек», – деді Түркияның ІІМ Сүлейман Сойлу.
Апаттан ауыр зардап шеккен 10 ауданның қазір екеуінде іздестіру-құтқару жұмыстары жүріп жатыр. Ал мәйіттерді анықтау үшін оқиға орнында қылмыстық жасақ қызмет атқаруда. Басқарма мамандары қаза болғандардың жеке басын анықтау үшін саусақ іздері мен ДНҚ сараптамасы алынатынын жеткізді.
«Әйелім мен 2 баламның мәйітін таптым. Бұл зиратта менің отбасым жерленді. Ауыр қайғы. Адамзатты бұлай қинамасын деп тілеймін», – деді зардап шеккен азамат Осман Өлубей.
«Мәйіттің барлығы мұсылмандық рәсімге сай жерленіп жатыр. Өкініштісі, іздеу-сұрауы жоқ азаматтар көп. Кей жағдайда жеке басын анықтау мүмкін емес. Бірінші күннен бері осы жердеміз және жұмысымызды толық аяқтамай, қайтпаймыз», – деді қылмыстық-атқару департаментінің криминалдық бөлім басшысы Бюлент Гүрджан.
Түркия мен Сирия шекарасындағы зілзала қазір көршілес елдерде де сезіліп жатыр. Мәселен, өткен түндегі жерасты дүмпуі аталған негізгі ошақтардан бөлек, Ливан, Израиль мен Египетте, сондай-ақ Кипр аумағында тіркелген. Ал 20 минутта 2 рет қайталанған 6,4 және 5,8 баллдық жер сілкінісінің салдары әлі де бағаланып жатыр.
Мадина Оқас, Алмат Ілиясов, «Алматы» телеарнасы