Түркияда зілзаланың салдарынан көз жұмғандар саны 85-ке, ал зардап шеккендер саны 994-ке жетті. Бұл туралы Джумхурият газеті жазады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Осыған дейін 83 адамның мерт болып, 949-ының қиын жағдайда екені айтылған еді. Құтқарушылардың сөзінше, зардап шеккендер саны тоқтаусыз өсіп жатыр. Еске сала кетейік, жұма күні Измирде қуаты 6,6 балдық жер сілкінісі болды. Нәтижесінде 20 шақты нысан жермен жексен болған. Көршілес тұрған грек аралы Самоста да ғимараттардың құлауы тіркелген. Онда 2 адам опат болып, 20-сы зардап шеккен.
Еске сала кетейік, жұма күні Түркияның батысында 6,6 балдық жер сілкінісі болды. Жерасты дүмпуі жергілікті уақытпен 14.51 кезінде Измир провинциясы Сеферхисар ауданындағы Эгей теңізінің жағалауында тіркелген. Зілзала ошағы - 16,5 шақырым тереңдікте.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмектесуге дайын екенін жеткізді.