Алматыға Кабулдан екінші ұшақ келді. Әуе бортында Біріккен Ұлттар Ұйымының Ауғанстанға жәрдем көрсету жөніндегі 141 қызметкері болды. Еліміздің сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллиннің мәлімдеуінше, Біріккен Ұлттар Ұйымы өз қызметкерлерінің Қазақстанда уақытша қашықтан жұмыс істеуіне көмек сұраған. Енді Ауғанстан еліндегі жағдайдың өрбуіне байланысты олар елімізде бірнеше ай болуы мүмкін. Осы ретте, Біріккен Ұлттар Ұйымы жұмсалатын барлық шығынды өз мойнына алатынын жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Қазақстан Республикасы бізді қабылдағаны үшін өте ризамыз. Қазіргі уақытта біз өз кеңселерімізді тек Қазақстанда ғана орналастырамыз. Бірақ Біріккен Ұлттар Ұйымы әлі де Ауғанстаннан кетпейтінін атап өткен жөн. Себебі миллиондаған ауғандықтарға гуманитарлық көмек көрсету маңызды іс», – деді БҰҰ Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори.
Айта кету керек, бұған дейін Біріккен Ұлттар Ұйымы өз қызметкерлерінің үштен бір бөлігін Ауғанстаннан Қазақстанға ауыстыру туралы мәлімдеген болатын. Бүгінгі таңда халықаралық ұйымның 300-ге жуық қызметкері мен 3 мыңнан астам ауғандықтар Ислам Республикасындағы кеңсесінде жұмыс істейді. Қазір олардың жүзі біздің елге келді. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі өз кезегінде Ауған жағдайына қатысы бар тараптарды халықаралық құқық негіздерін ұстануға және ішкі тұрақтандырудың басты алғышарты ретінде биліктің бейбіт транзитін қамтамасыз етуге шақырады.
«Қазақстан БҰҰ-ның толық құқылы мүшесі. Гуманизм қағидаттарын негізге ала отырып, сондай-ақ ондағы жағдайдың шын мәнінде өте күрделі екенін түсініп, біздің Президентіміз осы топты қабылдауға шешім шығарды», – деді ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллин.