Ер адам тұтқындалған сәтінде өзінің бопсалаушылықтың құрбаны болғанын айтып ақталған
Бразилияда 2 жасар Мигель Алвес арқа бұлшық етінің семуінен қайтыс болды.
Оның әкесі ұлының еміне қайырымдылық арқылы жиналған ақшаның бір бөлігін ұрлап, көңіл көтеруге жұмсаған.Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі pleno.news басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Баланың әкесі Матеус Алвес пен анасы Карин Родригес 2018 жылдан бастап ұлының еміне ақша жинай бастаған. Сол уақытта жеті айлық Мигельдің ауыр дерті анықталған. Оның дертінің асқынбауына көмектесетін дәрінің бір дозасы шамамен 90,5 мың доллар (35 млн теңгеден аса) тұрады екен. Ата-анасы әлеуметтік желілер арқылы 248 мың доллар (96 млн теңгеден аса) жинаған.
Отбасы бұл ақшаны банктегі 4 есепшотқа салып, ерлі-зайыптының әрқайсысы олардың жартысын басқарған. Өткен жылдың мамыр айында отағасы жұмыс бабымен кетіп бара жатқанын айтыпты. Содан бері ол отбасына бір-екі рет қана келген. Бірде Карин есепшоттан қомақты көлемде ақша шешіп алынғанын, сонымен қатар ұлының есепшоттарынан ақша аударылғанын біліп қояды.
Осыдан кейін ол күйеуіне қатысты күмәнданып, шілде айында полицияға жүгінген.
Артынша науқас баланың әкесі қонақүйде жатқан жерінен тұтқындалды. Ол екі айдың ішінде 150 мың долларды (58 млн теңгеден аса) жұмсап үлгеріпті. Алвес бұл ақшаға сәнгерлердің қолынан шыққан киімдер, сағаттар сатып алып, ішімдік және есірткіге әуестенген. Сонымен қатар, ақшаның тағы бір бөлігін жезөкшелерге жұмсапты. Ер адам тұтқындалған сәтінде өзінің бопсалаушылықтың құрбаны болғанын айтып ақталған.
Соның салдарынан науқас балаға дәріні мемлекет беретін жеңілдік бойынша алу үшін, тамыз айына дейін күтуге тура келген. Өкінішке қарай, ол 17 қазанда өз үйінде қайтыс болды.