Ауғанстанда 220 судья әйел тәліптерден тығылып жүр

29.09.2021 14:58

Түрмеден шыққан қылмыскерлер әйелдерді іздестіріп жатыр

GETTY IMAGES

Ауғанстанда бұрын сот боп қызмет еткен әйелдерді түрмеден шыққан қылмыскерлер іздестіріп жатыр. Қазір елдегі 220 судья әйел тәліптерден тығылып жүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Express Qazaqstan сайтына сілтеме жасап.

ВВС агенттігінің мәліметінше, Масума деген сот әйел бұрын қыз зорлаған, әйелін қинап өлтірген, зорлық-зомбылық жасаған жүздеген еркекті соттаған еді.

«Талибан» билікке келген соң түрмедегілерді шетінен босата бастады. Біз соны ести сала, түнделетіп үйімізді тастап қаштық. Өйткені менің телефоныма қоқан-лоққы көрсеткен жазбалар көптеп түсе бастады», – дейді Масума.

Ол барлық өткізу бекетінен пәрәнже киіп өткен. Бірнеше күннен кейін Масуманың көршілері олардың үйіне бірнеше тәліптің іздеп келгенін хабарлаған.

«Мені кімнің іздеп жүргенін білемін. Әйелін қинап өлтірген еркекке қатысты 20 жылға үкім шығарғанымда, ол маған түрмеден шыққан соң сені де солай өлтірем деп ескерткен болатын», – деп мұңын шақты сот әйел.

Соңғы жиырма жылда Ауғанстанда 270 әйел сот боп қызмет еткен. Олардың бәрі елде аса белгілі әрі ықпалды тұлға ретінде кеңінен танымал.


Теги: Тәліптер