Мысыр вокзалындағы жантүршігерлік апат: қаза тапқандар саны 25-ке жетті

28.02.2019 21:37

Жойқын апат пен өртке машинистер арасындағы кикілжің себеп болған

РИА Новости

Каирде пойыз апатынан қаза тапқандар саны 25-ке жетті. Тағы 50 шақты адам түрлі жарақат алған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Кеше жолаушыға толы локоматив кедергіге соқтығысып, пойыз жарылған еді. Осы оқиғадан кейін елдің көлік министрі отставкаға кетті. Оқиға орын алған сәтте платформада келесі пойызды күтіп тұрған ондаған адам болыпты. Қызыл жалын әп-сәтте ғимаратты жалмаған. Құтқарушылардың сөзінше, күйік шалып қайтыс болған адамдардың кім екенін анықтау мүмкін емес.  

«Жарылыстан зардап шеккендердің көбісі ауыр халде жатыр. Тұрғындарды күйік шалумен қатар, бірнеше жерлері сынған. Қазір психологтар олардың жанұяларымен жұмыс істеп жатыр», – деді Мысыр Араб Республикасының Денсаулық сақтау министрі Хала ЗАЙЕД.

Жергілікті полицияның айтуынша, оқиға қасақана жасалуы мүмкін емес. Алдын ала болжам бойынша пойыздың тежегіші істен шығып, алдындағы теміржол көлігіне соғылыпты.  

«Әрине, бұл оқыс оқиға. Байқаусызда орын алған жағдай. Алайда, кінәлі адамдар анықталып, міндетті түрде жазаға тартылатынын ресми мәлімдеймін», – деді Каир қаласының губернаторы Халед АБДЕЛЬ-ААЛЬ.