Қытай дәрігерлері Ухань ( Қытайдың Хубэй өлкесі) қаласында коронавирустың жаңа түрі қоздырған өкпе қабынуы ауруының адамдарға жұғуының 17 жаңа дерегін тіркеді. Бұл жайында ҚазАқпараттың Қытайдағы арнаулы тілшісі жергілікті денсаулық сақтау органдарына сілтеме жасап хабарлады.
Ауру жұқтырғандардың жалпы саны 62 адамға жетіп отыр. Олардың ішінде 7 адамның жағдайы өте ауыр болса, 19 пациент қазіргі уақытта медициналық мекемеден емделіп шықты. Стационарлық ем қабылдап жатқан адамдардың жағдайы тұрақты. Дәрігерлер ауру жұқтырғандармен байланыста болған 763 адамды оқшаулаған. Дегенмен олардың басым бөлігі үйлеріне жіберілгенімен әлі де 82 адам карантинде жатыр. Осы уақытқа дейін коронавирустың жаңа түрінен екі адам қаза тапты. Ухань қаласының муниципалдық билігінің деректеріне қарағанда, індеттің жаппай таралуына жол бермеу мақсатында осы жылдың 14 қаңтарынан бастап әуежайларда, темір жол және автобус бекеттерінде, жолаушылар терминалдарында инфрақызыл жылуға ден қойғыш аппараттың 35 жиынтығы орнатылған. Қалалық қоғамдық көліктерді жедел зарарсыздандыру және желдету шаралары қолға алынған. Еске салайық, Қытай билігі 31 желтоқсанда Ухань қаласында пневмонияның беймәлім түріне кем дегенде 27 адамның шалдыққанын, соның ішінде жетеуі ауыр халде жатқанын хабарлаған болатын. Ауру жұқтырғандардың басым бөлігі қаладағы теңіз өнімдері сатылатын базарға барған: қазіргі уақытта базар жабылды. 9 қаңтарда зертханалық зерттеулер көрсеткендей, бұл аурудың өршуіне жаңа типтегі коронавирус ықпал еткен.