|
04.02.2020 | 10:25
5949

Таиланд дәрігерлері коронавируске қарсы препараттар «коктейлін» ойлап тапты

Қазіргі таңда Таиландта 19 науқас коронавирусты жұқтырған

Таиланд дәрігерлері коронавируске қарсы препараттар «коктейлін» ойлап тапты РИА Новости / Илья Наймушин

Таиланд дәрігерлері коронавирусқа қарсы күшті препарат жасап шығардық деп айтуда. Сөздерінше, олар қарапайым вирустарға қарсы дәрімектерді ВИЧ еміне қолданылатын дәрілермен араластыра отырып, қытайлық індетке төтеп бере алатын препарат ойлап тапқан, деп хабарлайды Stan.kz

Ақ халаттылардың мәлімдеуінше, аталған дәрі «коктейлін» ішіп көрген жағдайы ауыр науқастардың денсаулығы 48 сағат ішінде жақсара түскен.

Қазір бұл әдіспен емдеу Бангкоктың бір ауруханасында ғана қолданылған екен. Коронавирусқа шалдыққан науқастардың біразының жағдайы нығайыпты. Олардың қатарында Уханьнан келген 70 жастағы кейуана да бар көрінеді. Дәрігерлер оның халі өте ауыр болғандығын жеткізіп отыр. 

Айта кетерлік жайт, бір науқастың дәріге қарсы аллергиялық реакциясы пайда болған. Дегенмен бұл жағдай алаңдайтын дүние емес дейді зерттеушілер. 

Тай мамандарының әзірлеп шыққан препараттың құрамына ВИЧ-ке қарсы әсер ететін лопинавир және ритонавирмен қоса, вирусқа қарсы осельтамивир дәрісінің үлкен дозасы кіріпті.

BBC-дің хабарлауынша, бұған дейін ресейлік мамандар да коронавирусты емдеу үшін лопинавир мен ритонавирге басқа екі препаратқа араластырып көруді ұсыныпты. Бірақ олар мұндай дәрілердің қоспасы адамның ағзасына кері ықпалын тигізуі мүмкін екендігін айтқан. 

«Біз халықаралық тәртіптерді сақтай отырып, тек бір дәрінің дозасын көбейттік. Клиникалық тәжірибе қорытындысы қуантарлық, десек те жаңа препаратты толығымен тағы зерттеуіміз керек. Біз бұл тәсілмен жағдайы тым ауыр науқастарды ғана емдейтін боламыз», - деп мәлімдеді Таиланд дәрігерлері. 

Айтуларынша, олар бұл әдіспен науқастарды емдеуге болатыны жайлы қытайлық әріптестеріне хабарлап қойған. 

Қазіргі күні Таиландтың өзінде коронавирусты жұқтырған 19 науқас анықталып отыр екен. Олардың 8-і толығымен емделіп ауруханадан шығарылса, 11 әлі де дәрігерлердің бақылауында екен. 

Естеріңізге салайық, қытайлық індеттен көз жұмғандардың саны 425-ке жетіп отыр. Ауруды осы уақытқа дейін 20 мыңнан астам адам жұқтырып үлгерген. 

Бұған дейін қытайлық дәрігерлердің коронавирусқа қарсы вакцина ойлап тапқаны айтылған еді. Екпені жануарларға жасалған тәжірибе оң нәтижелерді көрсеткен. Алайда клиникалық сынақтар жүргізу үшін біраз уақыт керек екен.

Ал дәрігерлердің америкалық әріптестері коронавирусты роботтың көмегімен емдеуде екен. Бұл жағдай өз кезегінде аурудың сыртқа таралуын азайтады деп мәлімдеген еді АҚШ мамандары.  


Telegram каналдағы маңызды жаңалықтар https://t.me/tvalmaty Жазылу!

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Janalyqtar tizbegi

След. →
Прямой эфир