Құтқарушылар олардың аман қалуы екіталай деп отыр
Үндістанның ең биік шыңдарының бірі Нанда-Девиге көтеріліп бара жатқан сегіз альпинист хабар-ошарсыз кетті. Олар – Ұлыбритания, АҚШ, Аустралия және Үндістан азаматтары, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оларды іздеуге әскери авиация жұмылдырылған. Құтқарушылар альпинистердің аман қалуы екіталай деп отыр. Үндістан альпинизм институтынан шыққан бір офицер, төрт британиялық, екі америкалық және бір аустралиялық асу бермес шыңдардың бірі саналатын Нанда-Девиге көтерілуді 13 мамыр күні бастаған.
Шыңның теңіз деңгейінен биіктігі – 7816 метр. Альпинистер алдымен бұрын ешкім шықпаған 6 477 метрлік шыңға көтерілмек болған.
Жоспар бойынша, 31 мамыр күні олар лагерге оралуы тиіс болатын. Алайда олардан еш хабар болмаған соң, базадағылар дабыл қаққан. Жергілікті билік өкілдерінің жорамалынша, 27 мамыр күні тауда қар көшкен болуы мүмкін. Жоғалған альпинистерге сенбі күні іздеу жарияланды. Бірақ ауа райының қолайсыздығына байланысты, операция тоқтатылып, ертеңіне қайта басталған. Құтқарушылар қар көшкен жерге жеткенше 3-4 күн қажет.
«Оларды тірідей табу мүмкін емес сияқты», – дейді Уттаракханд штатының Питхорагарх округінің басшысы Виджай Кумар.