Әйел ұлымен 52 жылдан кейін қауышты

13.08.2021 15:30

Анасы он күндік ұлымен айырылысуға мәжбүр болған

pixabay / sabinevanerp

Ұлыбританияда Long Lost Family бағдарламасынан көрермендер әйелдің 52 жылдан кейін ұлымен қайта қауышқан сәтін көрді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik сайтына сілтеме жасап.

Лондонда тұратын Линн Оукс есімді әйел босанғаннан кейін 10 күн өткен соң баласын тастап кетуге мәжбүр болған. Ол мұндай шешімді ата-анасының қысымынан кейін қабылдаған. Себебі ана болған кезде небәрі 14 жаста еді, деп жазды Daily Mail. Сәбидің есімін Юджин деп қойған.

«Он күн ғана бірге болсақ та, мен оны жақсы көрдім, ән айтып, онымен сөйлестім. Екеумізді ажыратқан кезде жылағаным есімде. Көз жасым бетіне түсіп, оны жақсы көретінімді айтып, кешірім сұрадым. Оны үнемі жақсы көретінімді, күндердің бір күні оны табатынымды айттым», – дейді Линн.

Кейіннен ол тұрмысқа шыққан, алайда сәбилі болмаған.

Қазір Майкл атанған ер адам өзін 52 жылдан кейін биологиялық анасы іздеп жүргенін біліп, онымен кездесуге келісті. Кездескен кезде анасына деген жек көру сезімі жоқ екенін жеткізді. Не себепті мұндай әрекетке барғанын білген Майкл ананың баласынан айырылған сәтін елестете де алмайтынын айтты.

Ал қазір Майклдың қызы мен немересі бар. Олар да әжесін көргісі келетінін айтқан.

«Ол өте сүйкімді әйел», – деді Майкл анасымен кездесу кезінде. Ол енді анасының жанында көбірек уақыт өткізіп, бекер кеткен жылдардың есесін толтырғысы келеді.


Теги: Әйел бала