Түркияда зілзаладан 384 сағат өткен соң 90 жастағы әжей мен 70 жастағы ұлы тірі табылды

22.02.2023 15:30

Олар тиісті құтқару шараларынан кейін олар ауруханаға жатқызылды

дереккөзден

Түркияның Малатья қаласында жер сілкінісінен 384 сағат өткен соң жергілікті өрт сөндірушілер 14 қабатты ғимараттың 11-қабатында тұрған 70 жастағы Ханифи Акгюн мен оның 90 жастағы анасы Гүлла Акгюнді аман-есен құтқарды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Azattyq Ruhy агенттігіне сілтеме жасап.

Ғимараттың апаттық жағдайына және егде жастағы кісілердің денсаулығына байланысты олар өз пәтерлерінен шыға алмай қалған. Анасы мен баласы жергілікті «112» сенім телефонына қоңырау шалғаннан кейін құтқарылды. Тиісті құтқару шараларынан кейін олар ауруханаға жатқызылды.

Кейуананың ұлы Акгюннің айтуынша, қиын жағдайларға қарамастан, ол осы екі апта ішінде анасының денсаулығын бақылауға тырысқан.

Көпқабатты үй құламаған, бірақ кез келген уақытта қабырғалары опырылып қирауы мүмкін еді.