«Не болғанын түсіне алар емеспіз»: Зейнеткер өз пәтерінде жоғалып кетті

18.04.2020 15:40

Бейнебақылау камерасындағы жазбада зейнеткер өз пәтерінен ешқайда шықпаған

ИЗВЕСТИЯ/Алексей Майшев

Мәскеу түбіндегі Кашира кентінде 68 жастағы зейнеткер өз пәтеріне кірген соң жоғалып кеткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бейнебақылау камерасындағы жазбада зейнеткердің таңғы сағат 4.00 шамасында үйіне оралғаны, содан соң өз пәтерінен ешқайда шықпағаны жазылған. Келесі күні Мәскеуден келген ұлы әкесін пәтерден таба алмаған.

«Әкем үйге кірген соң бу болып ұшып кеткендей әсерде қалдым», - дейді зейнеткердің ұлы «Подмосковье сегодня» басылымына берген сұхбатында.

Жоғалып кеткен ер адамның ұлы әкесінің телефоны диванда жатқанын, компьютер мен мультиварканың қосулы қалғанын айтады. Ал зейнеткер бұрын үйден шығарда әрдайым барлық техниканы мұқият өшіріп жүрген екен. 

Зейнеткердің көршілері де оны көрмегенін айтады. Адам жоғалуына қатысты қылмыстық іс қозғаған полиция қызметкерлері де ештеңе түсіне алар емес.

«Не болғанын түсіне алар емеспіз», - дейді жоғалған зейнеткердің ұлы. 

Айта кетсек, Беларусьтің Витебск облысындағы бір ауылдан да ер адам жоғалып кетіп, біраз күн табылмаған болатын. Оны ауылдастары соңғы рет қолөнершінің үйіндегі тойда көрген екен. Біршама уақыттан соң ер адамның денесі оның танысының үйінен табылған: ол мерекелік үстелдің төріне қойылған креслоның артқы жағында жатыпты. Ал сол уақыт аралығында үй иелері бірнеше күн бойы қонақ шақырып, той тойлап үлгерген.