16 жасында өз құрдасын өлтіріп, вампирмін деп қанын ішкен екен
Ресейде психиатриалық диспансерде ұзақ жыл емделіп, Челябинск қаласындағы № 11 ауруханаға жұмысқа тұрған Борис Кондрашиннің көршілері «дәрігердің» 1998 жылы жасаған сұмдық қылмысы туралы айтып берді, деп хабарлайды sputniknews.kz.
«Ол адамға екпе салып өлтірген, кейін мәйітін бөлшектепті. Үйіміз кірпіш болғандықтан, дауыстар онша естілмейді», — дейді Кондрашиннің көршісі Нина Григорова.
Әйелдің сөзіне сүйенсек, жантүршігерлік қылмыс жасаған жігіттің медициналық мекемеге жұмысқа тұрғанын естіген көршілері жағасын ұстап отыр екен.
«Сол сұмдық жайтқа біз куәгер болғанбыз. Төсегінің астынан табылған жыртық жейде, жатын орны – түгел қан-қан еді. Балконнан халаты мен әлдебір аспап-құралдары шықты. Құралдарын жуып қойыпты», — деп еске алады тағы бір көршісі Татьяна Трошенская.
Кондрашин жұмысқа тұрған аурухана бас дәрігерінің орынбасары Веста Титова басылымға хабарлағандай, қызметкерлердің ешқайсысы ер адамның бұрынғы өмірі жайында білмепті.
«Қарапайым кісі. Ешбір агрессия байқамадық», — деді ол.
Кондрашин жұмысқа тұрған кезде білімі туралы құжаттары тексеруге жіберіліпті, құжаттардың жалған екені анықталған соң құқық қорғау органдарына жөнелтілген.
Кейінірек белгілі болғандай, ер адамның ақыл-есі дұрыс емес болып шықты. Он алты жасында өз құрдасын өлтіріп, вампирмін деп қанын ішкен екен.
Челябинск қаласының Денсаулық сақтау басқармасы Кондрашиннің қалай жұмысқа тұрғанын түсіндірді. Ер адам барлық құжаттарды тапсырған, тек еңбек кітапшасы жоғалып қалды деген соң, жаңадан бастапты. Негізінде, Кондрашин ешқашан жұмыс істемеген болатын, ұзақ жыл психиатриялық диспансерде емделген.