Бірқатар ресейлік банктер халықаралық төлем жүйесінен ажыратылды

27.02.2022 15:41

АҚШ, Франция, Канада, Италия, Британия, Германия мен Еуропалық комиссия санкцияны қатаңдату бойынша шешімді қабылдады

© Sputnik / Владислав Воднев

Санкция салынған барлық ресейлік банктер SWIFT жүйесінен ажыратылады. Сонымен қатар Ресей банкі активтерін тоқтату жоспарланған, деп хабарлады Германияның министрліктер кабинетінің баспасөз қызметі батыстық көшбасшылардың кеңесінен кейін.

АҚШ, Франция, Канада, Италия, Британия, Германия мен Еуропалық комиссия санкцияны қатаңдату бойынша шешімді қабылдады, деп хабарлады Almaty.tv тілшісі Sputnik сайтына сілтеме жасап.

"Халықаралық қауымдастықтың санкциясына түскен барлық ресейлік банктер халықаралық SWIFT төлемдер жүйесінен ажыратылатын болады. Бұл шара аталмыш ұйымдарды халықаралық қаржылық ағымдардан оқшаулау үшін жасалып отыр, осылайша ресейлік банктердің жаһандық қызметі шектеледі", - делінген хабарламада.

Сонымен қатар батыс елдері Ресей банкінің халықаралық қаржылық операциялар арқылы рубль курсын қолдау бойынша мүмкіндігін шектеу жөнінде шешім шығарды.

Сондай-ақ ауқатты ресейліктердің инвестиция айырбасына еуропалық азаматтық алу мүмкіндігіне тосқауыл қойылады.

Еуроодақ өзінің серіктестерімен бірге ресейлік олигархтарды халықаралық активтерін қолдану мүмкіндігінен де айырмақ.

Ресей Украинадағы арнайы операциядан бас тартпаса қосымша санкциялар да қабылдануы мүмкін, деп хабарлады Германияның министрліктер кабинеті.