ДДСҰ вирусты шыққан жердің атымен атауды дискриминация деп таныды
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы SARS-CoV-2 коронавирустың жаңа нұсқаларын белгілеу үшін жұлдыздар шоғырының аттарын алмақшы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Бұл туралы халықаралық ұйымның сарапшысы Мария Ван Керкхове The Telegraph британ басылымының берген сұхбатында мәлім еткен.
«Шамасы бізге грек әліпбиінің әріптері жетпейтін секілді, келесі атаулар легін қарастырып жатырмыз», – деді ол.
Сарапшының айтуынша, ежелгі грек құдайларының атын алу ұсынылған. Кейін бұдан бас тартылған. ДДСҰ вирусты шыққан жердің атымен атауды дискриминация деп таныды.
Мамыр айының соңында вирустың жаңа мутациясын грек әліпбиінің 24 әрпімен атай бастады. COVID-19 ауруын тудыратын SARS-CoV-2 вирусы індет басталғаннан бері әлемде 202 млн адамнан табылған. 4 млн-нан астам науқас осы инфекциядан өлді. Шамамен 182 млн-ы жазылып кетті.