Екеуі ауруханаға түсті, олардың жағдайы ауыр деп бағалануда
Ресей Федерациясының Забайкаль өлкесіндегі Улетов ауданында қайғылы оқиға болды. Әскер сапындағы сарбаз күзеттегі ауысым кезінде өзімен бірге борышын өтеп жүрген сегіз жігітті атып, екеуін жарақаттаған. Күдіктіні ұстау үшін барлық құқық қорғау органдары жұмылдырылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Ресей қорғаныс министрлігі ұсынған мәліметтерге сәйкес, атыс жергілікті уақыт бойынша таңертеңгі 7-де № 54160 әскери бөлімінде (бұдан әрі - ӘБ) қарауылды ауыстыру кезінде болған.
Қылмыс жасағаннан кейін автоматпен қаруланған әскери қызметкер қалаға қашып кеткен. Оны ұстау үшін барлық құқық қорғау органдары тартылып, толық көлемде арнайы операция ұйымдастырылды.
Барлық балалар эвакуацияланып, оқушылар үйіне жіберілген. Атысу дыбыстары күллі қалаға естіліпті.
Абырой болғанда, ӘБ қызметкерлері қашқынды біраз уақыттан кейін өздері ұстап алды.
Сарбаз 8 адамды атып өлтірген. Тағы екеуі ауруханаға түсті, олардың жағдайы ауыр деп бағалануда.
Жараланғандардың бірі әскери тергеуге куәгер ретінде оқиғаны баяндап жатыр.
"Мергеннің" жекебасы да расталды: ол 20 жастағы Рамиль Шамсутдинов екен. ӘБ дереккөзі жауап алу кезінде сарбаздың жасаған ісіне өкінбейтінін мәлімдеді.
Ол әріптестерін еденде жатқан жерінде атып тастағаны туралы мәлімет бар.
Ресей қорғаныс министрлігі бұл оқиғаға қатысты ресми түсінік берді.
Мәлімдемеге сәйкес, қайғылы оқиғаға Шамсутдиновтің жүйке ауруы себеп болған, ол жеке жағдайға байланысты және әскери қызметке ешқандай қатысы жоқ.
Алайда, әскери бөлімшедегі дереккөздің айтуынша, бұл жайтқа Шамсутдинов пен әріптестері арасындағы келіспеушіліктер себеп болған.