Бортында миллиардер болған суасты қайығын іздеу аймағынан белгісіз сынықтар табылды

23.06.2023 16:03

Қайық сынықтары «Титаниктен» 500 метрдей жерде, мұхит түбінен табылған

© Фото : OceanGate Inc.

Атлант мұхитында туристермен бірге «Титаник» кемесіне экспедицияға аттанып, артынша із-түссіз жоғалып кеткен америкалық «Титан» батискафын іздеу аймағынан белгісіз сынықтар табылды. Бұл туралы Twitter-де АҚШ жағалау күзеті мәлім етті, деп хабарлайды деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Azattyq-ruhy.kz- ке сілтеме жасап.

- Қашықтан басқарылатын кеме (Horizon Arctic) батискафты іздестіру аймағынан белгісіз қалдықтарды тапты. Біріккен командалық сарапшылар ақпаратты зерттеп жатыр, - делінген жазбада.

Ішкі қауіпсіздік департаментінің баспасөз мәлімдемесінде табылған заттарға байланысты «Жағалау күзеті 24 сағат ішінде баспасөз брифингін өткізетінін» айтты.

Қайық сынықтары 22 маусымда таңертең «Титаниктің» тұмсығынан 500 метрдей жерде, мұхит түбінен табылған.

Суасты қайығының операторы – OceanGate компаниясы жолаушыларын қаза болды деп санайды.  

Еске салсақ, 19 маусымда «Титаник» кемесіне бет алған «Титан» суасты қайығы Атлант мұхитында жоғалып кеткен болатын. Жолаушылар арасында британдық миллиардер Хэмиш Хардинг, сондай-ақ  OceanGate Expeditions негізін қалаушы Стоктон Раш, француз океанографы және «Титаниктің» жетекші сарапшысы Пол-Анри Наржоле, пәкістандық кәсіпкер Шахзада Дауд пен оның 19 жастағы ұлы Сүлейман болған.

OceanGate компаниясының бұрынғы қызметкерінің айтуынша, батискаф сапасыз әрі бірнеше заңбұзушылықпен салынған. Суасты қайығы жоғалған жерге АҚШ-тың үш құтқару кемесі жеткенімен, іздеу жұмыстары нәтиже бермеді. Соңғы мәліметтер бойынша, экипажда оттегі таусылған. «Титан» батискафын іздеуге әуе лайнерінің ұшқыштары да қатысты.