Оқыс оқиға 6 маусым күні кешке Рейдер Свердловск облысында болған. Ішімдікке сылқия тойып алған жас жігіт өзі қонаққа келген үйінің үш айлық баласын бірінші қабаттағы пәтердің терезесінен лақтырып жіберген. Бұл туралы Ресей Федерациясының Свердловск облысы бойынша тергеу комитетінің сайты хабарлады, деп жазды Sputnik.
Кейін анықталғандай, анасы сәбиді ішіп алған еркекке қалдырып, өзі дүкенге шығып кеткен.
Сол аралықта әлгіндей жағдай орын алған. Абырой болғанда үй маңынан кездейсоқ өтіп бара жатқан жүргіншінің арқасында баланың еш жеріне зақым келген жоқ. 44 жастағы куәгердің айтуынша, қаннен-қаперсіз кетіп бара жатқан ол кенет терезенің сақыр етіп сынған даусын естиді. Сөйтеді де болғанын білу үшін дереу жүгіріп келеді. Қараса, бір жас жігіт бірінші қабаттағы пәтердің терезе алды тақтайына шығып, қолындағы баланы лақтырайын деп тұрғанын көрген де, терезеге қарай жүгіріп, сәбиді қағып үлгерсе керек. Әрі қарай баланы ауруханаға жеткізген. Ешқандай жарақат алмаған бала көп бөгелмей, үйіне шығарылды.
Сәбиді лақтырып жіберген жас жігіт ұсталды. Оған РФ Қылмыстық кодексінің «Баланы өлтіруге оқталу» бабы бойынша айып тағылды. Тергеу ер адамның неге мұндай қадамға барғанын анықтау үстінде.
Сондай-ақ қазір баланың отбасында одан әрі қалу-қалмау мәселесі қаралып жатыр. Бөбекті құтқарған ер адамға сыйлық жасау жоспарлануда.