ЕО USB құрылғысының бірыңғай стандартын қолдану туралы шешім қабылдады

08.06.2022 16:28

Жаңа ереже жылына бір мың тоннадан астам электронды қалдықтарды азайтады

photo: Pixabay

Еуроодақ 2024 жылдың күзіне қарай зарядтау құрылғылары, құлаққап, колонка, камералар USB-C форматта болуы тиіс деген шешім қабылдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Брюссельде мұндай қадамның пайдаланушы үшін ыңғайлы болып, шығынды азайту үшін ғана емес, экология үшін де қажет екенін айтуда.

«Жаңа ереже жылына бір мың тоннадан астам электронды қалдықтарды азайтады. Сондай-ақ, бұл CO2 қалдықтарын айтарлықтай азайтады. Бұл 10 мky cмартфон немесе 2600 тонна шикізатқа тең. Бүгінде шикізат бұрынғыдан да құнды екенін білесіздер», - деді Еуроодақтың ішкі нарық жөніндегі комиссары Тьерри Бретон.

Бұл шешімнің ең үлкен қарсыласы болған Apple компаниясы «Айфон» құрылғыларына меншікті Lightning қосқышын пайдалануда. Еуропа нарығына енді одан бас тартуға тура келеді. Apple компаниясының пікірінше, Брюссельдің бұл шешімі саланың дамуы мен инновацияларды енгізуді тежейді.

Жаңа ереже ұялы телефондар, планшеттер, құлаққаптар, жылжымалы ойын құрылғылары, портативті динамиктерге қатысты енгізіледі.

«Бұл заң ЕО-ның өнімдерді тұрақты ету, электронды қалдықтарды азайту және тұтынушылардың өмірін жеңілдету жөніндегі жалпы күш-жігерінің бір бөлігі», - делінген Еуропарламент мәлімдемесінде.

Парламентарийлердің бағалауынша, бұл тұтынушыларға қуаттағышты сатып алудан жылына 250 миллион еуроға дейін үнемдеуге көмектесіп, қалдық көлемін жылына 11 мың тоннаға қысқартады.