Жапонияда карантин мамырдың соңына дейін ұзартылады

04.05.2020 16:29

Бүгінде Жапонияда коронавирусқа шалдығудың 15 мыңнан астам оқиғасы тіркелді

ҚазАқпарат

Жапонияда коронавирусты жұқтырудың жаңа оқиғаларының саны азаюына қарамастан, карантин режимі 31 мамырға дейін ұзартылады. Бұл туралы Kyodo агенттігіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.
Агенттік мәліметінше, Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ төтенше жағдай режимін ұзарту туралы шешімді ресми түрде бүгін қабылдайды. Елде медициналық кадрлар тапшы, ал экономикалық белсенділік төмендей түскен.
«Өткен аптада С.Абэ карантиннің ұзартылуына қатысты сөз қозғап, адамдардың қалыпты өмірге бірден оралмайтынын қосып өтті. Жұма күні үкіметтік топ COVID-19-дың жаңа оқиғаларының көбеюіне жол бермеу үшін төтенше шараларды ұзартуды кеңес етті. Жапонияның түрлі префектураларында коронавирусқа шалдығу фактілерінің саны әртүрлі болғандықтан, үкіметтің инфекция аз таралған префектураларда карантин режимін әлсірету шешімін қабылдайтыны күтілуде», – делінген ақпаратта.
Осы арада, елде саябақ, кітапхана және мұражайлардың жұмысына санитарлық талаптарды қатаң түрде сақтау шартымен ғана рұқсат етілмек. 7 сәуірде премьер-министр С.Абэ қалалық аудандар – Токио, Осака және Фукуоканы қамтитын жеті префектурада төтенше жағдай жариялады.
Кейінірек,16 сәуірде, ТЖ режимі бүкіл ел бойынша жарияланды. Үкімет басшысы вирустың ел экономикасына келтірген зардабына байланысты Жапонияның 126 миллионға жуық әр азаматына 100 000 йеннен (930 доллар) беруге уәде етті. Бүгінде Жапонияда коронавирусқа шалдығудың 15 мыңнан астам оқиғасы тіркелді. Қайтыс болды 550-ге жуық науқас.