Адамдарға оқ жаудырған 51 жастағы ер адам полиция қолынан қаза тапты
Полицияның мәліметінше, демалыста Канаданың Жаңа Шотландия провинциясындағы атыстан мерт болған адамдардың саны 19-дан 23-ке дейін көбейді.
Бұл – қазіргі Канада тарихындағы ең қорқынышты оқиғалардың бірі. Полиция шабуыл жасаған адамды 14 cағат бойы қарусыздандырмақ болды. Құрбан болғандар арасында 17 жастағы жасөспірім бар. Бұған дейін полиция Жаңа Шотландия провинциясында өлтірілген адамдардың барлығы ересек деп санаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат ВВС агенттігіне сілтеме жасап.
Қылмыстың себебі анықталған жоқ. Шабуыл жасаған ер адамның құрбан болғандардың кейбіреулерін танығаны хабарланды. Адамдарға оқ жаудырған 51 жастағы ер адам полиция қолынан қаза тапты. Жаңа Шотландия провинциясының корольдік ат үстіндегі полициясы сейсенбі күні жасаған мәлімдемесінде шабуылдан қайтыс болған адамдардың нақты санын атап, оқиғаның хронологиясын баяндап берді. Полиция бұған дейін құрбан болған адамдардың саны одан да көп болуы мүмкіндігін ескерткен еді, себебі олар Жаңа Шотландияның солтүстік және орталық бөліктерінде болған 16 қылмыс орнын қарап шықты. Тәртіп сақшыларының жұмысына өрт кедергі болған. Полицияның мәліметінше, шабуылдаушы адам денелері қалуы мүмкін шамамен бес үйді өртеп жіберген. Істі толық тергеуге бірнеше ай уақыт кетуі мүмкін.