Ол жерде институттың бір топ ғалымы жұмыс істеп жатыр
15 шақырымға күл шығарған Шивелуч жанартауының атқылауы Камчатканың жергілікті уақыты бойынша 11 сәуірге қараған түні болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«11 сәуірге қараған түні Шивелучтың атқылауы пароксизмальды кезеңге жетті (ыстық масса ағындарының түсуі). Ауа райының қолайсыздығына байланысты жанартауды бақылау қиын, мұнда циклонның әсері жалғасып жатыр. Қар жауып, боран соғып тұр. Алайда, есептеуіміз бойынша күл бұлтының биіктігі 15 км болды», – делінген вулканология және сейсмология институтының хабарламасында.
Институт авиация үшін ең жоғары қауіп коды – қызыл түс берілгенін атап өтті.
«Қызу ағындары 20 шақырымға дейінгі қашықтықты жүріп өтіп, Петропавл-Камчатский – Усть-Камчатск тасжолын жауып тастауы мүмкін», – делінген хабарламада.
Институттың мәліметінше, 4 мыңға жуық адам тұратын Усть-Камчатск ауданындағы Ключи ауылына күл жауған. Ол жерде институттың бір топ ғалымы жұмыс істеп жатыр. Олардың міндеті – атқылаудың параметрлерін нақтылау және Усть-Камчатск облысы тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Айта кетсек, Шивелуч – Камчаткадағы ең үлкен жанартаулардың бірі, биіктігі – 3 283 м. Ол үш негізгі құрылымды қамтиды: Ескі Шивелуч және белсенді Жас Шивелуч жанартаулары мен ежелгі кальдера.