Әйел - әлем анасы: 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні

elements.envato.com
elements.envato.com
Біздің елімізде дәл осы күні нәзік жандарға гүл, әшекей бұйымдар сыйға тарту кеңінен тараған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Халықаралық әйелдер күні әлемнің жиырмадан астам елінде ресми мереке ретінде белгіленген. Оның тарихы Біріккен Ұлттар Ұйымының бүкіл әлем елдерін 8 наурызды әйелдердің құқықтары үшін күрес күні - Халықаралық әйелдер күні деп жариялауға шақырған қарары қабылданғанға дейінгі кезеңді қамтиды.

Жалпы, әйелдер мерекеcі күні туралы алғашқы деректер Көне Рим дәуірінде-ақ болғандығы жайында нақты ақпараттар бар. Екі мыңнан астам жыл бұрын бұл мереке еркін дүниеге келген әйелдер күні ретінде көктемнің алғашқы күндерінде аталып өтілетін. Сондықтан да римдіктер отбасы ошағының желеп жебеушісі Веста құдайының шіркеуіне барып, мінәжат ететін еді. Ер азаматтар өздерінің аналарына, әйелі мен қыздарына, апайларына түрлі сыйлықтар тарту етеді.

Дәл осы кезеңге шамалас, біздің дәуіріміздің алғашқы ғасырында қазіргі Вьетнам жерінде әйелдерге ізет көрсетуге бағытталған мейрам дүние келді. Мереке Хань империясына қарсы азаматтық күресіне басшылық жасаған апалы-сіңлілі Чынгтардың құрметіне орай аталып өтіле бастады. Апалы-сіңлілі қыздар жау қоршауында қалып, тірідей тұтқынға түспеу үшін өзенге батып кеткен еді. Сол кезеңнен бастап вьетнам әйелінің батырлығы аңыздар мен тарихи әңгімелерде кеңінен дәріптеліп келеді.

ХХ ғасырда көктем, махаббат және сұлулық мерекесі бірте-бірте 8 наурыз мейрамына айналып, бүгінде отбасында, еңбек ұжымдарында кеңінен аталып өтіле бастады.

Бірнеше ғасыр өткеннен кейін Америка құрлығында қазіргі халықаралық әйелдер күні мерекесіне негіз қалаған бірқатар оқиғалар орын алды. Нью-Йорктің киім тігетін фабрикасы мен тоқыма өнеркәсібінде жұмыс істейтін әйелдер жалақының төмендігі мен жұмыс жағдайының нашарлығына қарсылық танытып, 1857 жылдың 8 наурызында Манхэттен көшелеріне шеруге шықты. 1901 жылы да дәл 8 наурыз күні Чикагода тарихта алғаш рет үй шаруасындағы әйелдер тарихта «қазан бүлігі» деген атаумен қалған шеруді ұйымдастырған болатын. Араға жеті жыл салып, 1908 жылдың 8 наурызында бүкіл Америка құрлығының әйелдері «бос қазан шеруін» ұйымдастырып, жалақының көтерілуін, еңбек ету жағдайының жақсаруын және еркектермен тең құқылы болуды талап етті. Осыдан кейін АҚШ-тың солшылдар партиясы дәл осы күнді ұлттық әйелдер күні ретінде жария еткен болатын. Алайда бүгінде бұл дата Америка құрлығында мереке күні ретінде саналмайды.

Бұрынғы кеңестік кеңістіктегі республикаларда «8 Наурыз» мерекесінің бастау алуына 1910 жылы Копенгагенде өткен екінші Халықаралық жұмыс істейтін әйелдер конференциясы түрткі болған еді. Ол кезде Германияның социал- демократтар партиясы әйелдер тобының көшбасшысы, әрі әйелдер құқығын жан тәнімен қорғаушы Клара Цеткин 8 наурыз күнін әйел жынысы пролетариаттарының дүниеге келген күні ретінде атап өту идеясын ұсынған-ды. Алғаш рет бұл күнді Дания, Австрия, Германия және Швейцарияда, кейіннен басқа да елдерде наурыздың әртүрлі күндерінде атап өте бастады.

8 Наурыз ресми түрде алғаш рет 1913 жылы Петерборда аталып өтіле бастады. Алайда, экономикалық ахуалдың қиындығына байланысты бұл күн күнтізбеде демалыс ретінде жария етілген жоқ. КСРО-да 8 наурыз - жұмыс істемейтін демалыс күні ретінде 1966 жылдан бастап қолданысқа енгізілді. Айта кетерлігі, бұл турасында Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 20 жылдығы қарсаңында 1965 жылдың 8 мамырында жария етілген болатын.

Қазіргі уақытта бұл мейрам Біріккен Ұлттар Ұйымында әйелдер құқығы мен халықаралық бейбітшілік үшін күрестің халықаралық күні ретінде аталып өтіледі.

Мәселен, Германия бір ел ретінде бірігіп, тұтастығын қалпына келтіргеннен кейін бұл мерекені естен шығарды, әрі 8 наурыз демалыс күні емес. Бүгінде бұл елде мамырда өтетін Аналар күніне баса назар аударып келеді.

Францияда да 8 наурыз кеңінен атап өтілмейді. Негізінен оны коммунистер мен солшыл көзқарасты жақтаушылар ғана мерекелейді. Айта кетерлігі, француздықтар жылына үш мәрте әйелдерге құрмет көрсетеді. Атап айтқанда, наурыздың басында Әжелер күнін, яғни 55 жастан асқандар күнін мерекелесе, мамырдың соңында Аналар күнін атап өтеді. Ал қарашада 25 жасқа дейінгі тұрмысқа шықпаған қыздардың қамқоршысы әулие Катерина күнін тойлайды.

Италияда 8 наурыз мерекесін тек нәзік жандылар ғана мерекелейді. Бұл күні ресми демалыс күні емес. Бірақ кешкісін мейрамханалар мен дәмханаларда тек қана әйелдердің бас қосып, мерекелерін атап өтетіндігін байқауға болады. Бәрінен бұрын жапон әйелдерінің жолы болды. 3 наурызда жапон елі «Хинамацури» мерекесін атап өтед. Бұл қыздар мерекесі немесе қуыршақтар мерекесі дегенді білдіреді.Осы күндері қыз бала тәрбиелеп отырған отбасы көпшілік назарына «хина нингё» аталатын ерекше қуыршақтарды ұсынады. Сонымен қатар 14 наурызда ерлер әйелдерге Әулие Валентин күнінде жасалған сыйға алғыс ретінде сый-сыяпат (міндетті түрде зефир немесе ақ шоколад) жасайтын Ақ күнді де атап өтіледі. ТМД-ның бірқатар елдерінде бұл мереке ресми мәртебеге ие және демалыс күні болып есептеледі, 8 наурыз күні әйелдер қауымына ерекше көңіл-күй сыйлап, оларға гүл шоқтары, сыйлықтар беріледі, отбасында көбіне әйелдер шаруашылық әрекеттерінен босатылады. Бұл мереке атауында сәл де болса өзгерістер бар. Мәселен, Тәжікстанда 8 наурызда - Аналар күні кеңінен аталып өтіледі. Ал, Грузияда 8 наурызды 3 наурызда өтетін Аналар күніне ауыстыру көзделген еді. Дегенмен бұл екі мейрам да әлі күнге дейін бұл елде кеңінен аталып өтіледі.

Зерттеу нәтижелеріне қарағанда, біздің елімізде дәл осы күні нәзік жандарға гүл, әшекей бұйымдар, зергерлік бұйымдар, жұмсақ ойыншықтар, дизайнерлік киім-кешектер және иіссулар сыйға тарту кеңінен тараған.

Дереккөзі: ҚазАқпарат

Оқи отырыңыз: Қазақстанда 8 наурызда әйелдерге 1 миллион теңге берілетін болды

Новости партнеров