Индонезияда сайлау бюллетеньдерін санау кезінде 100-ден астам адам зорығып қайтыс болды

24.04.2019 17:12

17 сәуірде бұл елде әлемдегі ең ірі сайлау өтті

Индонезияда сайлау комиссиясының кем дегенде 92 мүшесі қайтыс болып, 374 мүшесі сайлаудан соң ауруханаға түсті деп жазады centralasian.org. Индонезия полициясы 15 қызметкерінің қаза тапқанын хабарлады.

Олар бір тәуліктен астам жұмыс уақыты мен дауыстарды санаудан зорығып қаза тапқан деді Индонезия орталық сайлау комиссиясының төрағасы Ариф Будиман. Полиция қызметкерлері зорыққаннан және жол апатынан қаза тапқан.

17 сәуірде бұл елде әлемдегі ең ірі сайлау өтті. Ел тұрғындары президентті ғана емес, Парламенттің екі палатасының депутаттарын және провинциялар мен округтардың заң шығару органдарының мүшелерін сайлады. Елде 800 мың сайлау учаскесі жұмыс істеді. 192 млн сайлаушының 80 пайызы сайлауға қатысқан.

Будиман сайлау кезінде қаза тапқандардың отбасыларына және зардап шеккендерге 16–36 миллион аралығында рупий беруін сұрады. Бұған қоса ол сайлау комиссиясы қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетуге уәде берді.