Греция Түркиямен шекарада 140 шақырымдық болат тосқауыл орнатады

08.01.2023 17:23

Греция полицейлері шекарадан заңсыз өткен 256 мың азаматты ұстаған

eadaily.com

Грецияның Түркиямен шекарасына, Мерич өзені маңына орнатылатын болат тосқауылдың ұзындығы 140 шақырым болады. Оның мақсаты – шекарадан заңсыз өтудің алдын алу. Бұл туралы Грецияның Азаматтарды қорғау министрі Такис Теодорикакос SKAI TV телеарнасында мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Оның сөзінше, Греция полицейлері шекарадан заңсыз өткен 256 мың азаматты ұстаған.

«Түркиямен шекарада тосқауыл орнатуға Азаматтарды қорғау министрлігі жауапты. Ведомство жобаны жүзеге асыру үшін қажетті құрылымдармен жұмыс істеп жатыр», – деді Теодорикакос.

2022 жылдың желтоқсанында Греция Эврос (Мерич) өзені маңындағы Түркиямен шекараға 250 шекара қызметкерін жіберу жоспарда бар екенін хабарлаған. Афины бұл аймақта торуылдау және бақылау шараларын қатаңдату керек деп түсіндірді.

2022 жылдың 29 желтоқсанында Түркия ӘТК ұшу аппараты Түркияның аумағына жататын бөлікке заңсыз мигранттары бар кеменің кіріп жатқан сәтін түсіріп алған. Грецияның жағалаудағы күзет қызметкерлері Эгей теңізінде провокация жасады.

Чешме курорттық ауданынан оңтүстік-батысқа қарай Измир провинциясында болған фактіні Түркияның ұлттық қорғаныс министрлігі тіркеп алған.

«Заңсыз мигранттар мінген кеме Түркия жағалауынан 3,62 миль қашықтықтағы түрік аумағындағы өзенге айдап жіберілді»,  деп хабарлады ведомство.