Түркияның бірнеше провинциясында шыққан орман өрті Мармариске жетті

30.07.2021 17:27

Қазіргі уақытта ауданда 30-ға жуық өрт сөндіру көлігі, бес тікұшақ және бір ұшақ бар

стоп-кадр

28 шілдеде Түркияның бірнеше провинциясында шыққан орман өрті Мармариске жетті. Жергілікті тұрғындар мен қазір курортта демалып жатқан туристердің айтуынша, 29 шілдеде түстен кейін Ситилер ауданындағы тауда орман өртенді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі кaz.tengritravel.kz-ке сілтеме жасап.

Әлеуметтік желі қолданушылары төтенше жағдай орнынан сурет пен видео жариялап жатыр. Олар қалың түтін жағалау сызығына қалай жақындағанын көрсетеді. Ол жерде көптеген қонақүй орналасқан. Кейбір жерде туристерді эвакуациялау басталды деп жазады.

Сонымен қатар, өрттің Ичмелер ауылының шекарасына дейін таралғаны және түтін оңтүстікке қарай 45 км жерде орналасқан грек Родос аралына жеткені атап өтілді. Қазіргі уақытта ауданда 30-ға жуық өрт сөндіру көлігі, бес тікұшақ және бір ұшақ бар.

Еске салайық, 28 шілдеде Түркияның Анталия жағалауындағы бірнеше ауданда орман өрті пайда болды. Осыған байланысты Сиде, Соргун және Манавгатта жағдай қалыпқа келгенге дейін туристер үшін экскурсия тоқтатылды. Алдын ала ақпарат бойынша, өртке аптап ыстық себеп болған.