Олардың басым көпшілігі шиіттер
Сауд Арабиясында сейсенбі күні, 23 сәуірде, терроризм бойынша айыпталған 37 адам өлім жазасына кесілді деп жазады centralasian.org. Бұл туралы ішкі істер министрлігі тілшілерге хабарлаған. Өлім жазасына кесілгендердің дені шиіттер.
Биліктің ресми хабарламасында оларды "экстремистік және террористік идеология" таратқаны үшін жазаланғаны айтылған. Өлім жазасы елдің бірнеше аймағында жүзеге асқан.
Жазаға кесілгендердің кем дегенде 33-і - шиіттер. 11 адам 2013 жылы Иранға тыңшылық жасады деген айыппен ұсталған деп хабарлады халықаралық Human Rights Watch адам құқықтарын қорғау ұйымы. Қалғандары 2012 жылы Сауд Арабиясы билігіне қарсы наразылыққа қатысқан делінген.
Осылайша биыл Сауд Арабиясында өлім жазасына кесілгендер саны 146-ға жетті.
Сауд Арабиясында соңғы рет өлім жазасына кесілгендерді жаппай өлтіру шарасы 2016 жылы болған. Сол кезде билік 47 адамға өлім жазасын қолданған, олардың арасында елге танымал шиіт қайраткері шейх Нимр әл-Нимра да болды. Бұл жағдай исламның шиіт ағымын ұстанатын Иранда жаппай наразылық туғызды.