Бұл туралы Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев хабарлады
Қазақстандық туристерге бүгіннен бастап Түркияға кіруге шектеу қойылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. Бұл туралы Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев хабарлады. Бұл ретте, қазіргі уақытта аталған елде жүргендер отанына оралады. Авиакомпаниялар туристерін шығару бойынша өз міндеттемелерін толық көлемде орындайды. Ал Түркияда тұруға ықтиярхаты және жұмысқа рұқсаты бар адамдар елге кедергісіз кіре алады.
«Бүгінгі күні біздің компаниялар рейстерін орындауда. Air Astana, SCAT, Turkish Airlines, Pegasus-олардың барлығы жолаушылар алдындағы өз міндеттемелерін орындайды. Air Astana қазір Түркиядағы жолаушыларды шығару бойынша бірқатар рейстерді жоспарлап отыр, Билеттерді сатып алған жолаушылар талаптарға сәйкес, осы рейстердің тоқтатылуына байланысты құны толық қайтарылады немесе басқа нұсқалар ұсынылатын болады», – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев
Сонымен қатар, карантин кезінде қазақстандық авиакомпаниялар барлық ішкі авиарейстерді жалғастырады. Бұл 45 бағыт бойынша аптасына 500-ге жуық ұшу. Ал халықаралық рейстер бойынша тек ведомствоаралық комиссия мақұлдаған ұшақтар ғана жолаушы тасымалдайды. Айта кету керек, ертеңнен бастап елімізде бірқатар бағыттағы пойыздар да қатынауын тоқтатады.
«Келесі пойыздар уақытша тоқтатылады: Алматы-Срыыағаш. Төрт әлеуметтік маңызы бар поездың қатынау жиілігі қысқарады. Нұр-Сұлтан - Алматы, Алматы - Павлодар, Нұр-Сұлтан - Өскемен, Нұр-Сұлтан - Достық. Сондай-ақ, бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің 3 шілдедегі қаулысына сәйкес 22 бағыт бойынша қала маңындағы пойыздардың қозғалысы уақытша шектеледі», – деді «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директорының міндетін атқарушы асылхан Қалдыкөзов
Көлік компаниясы хабарлағандай, уақытша тоқтаған пойыздардың билеттері толық көлемде қайтарылады. Жолаушылардың баламалы рейстерге тикет сатып алу мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, теміржол кассалары бұрынғы режимде жұмыс істейді. Ал, еліміздің бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Қазақстанда ұшақ пен пойыз жолаушылары арасында коронавирус жұқтыру жағдайлары тіркелмегенін айтады.
«Бүгінгі күні темір жол көлігімен немесе әуе рейстерімен қатынаған жолаушылардың арасында коронавирус жұқтыру жағдайлары тіркелген жоқ. Бізде Көліктегі тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздік сапасын бақылау комитетінің аумақтық департаменттері бар. Олар барлық әуе тасымалдаушылардың қызметіне бақылау жасап, мемлекеттік шекара арқылы өткізу орындарында санитарлық-карантиндік бақылауды жүзеге асырады. Бұл шаралардың барлығы регламенттелген. Бұл процеске қатысушылардың барлығы аталған регламентті біледі», – деді ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова
Сонымен қатар, бас мемлекеттік санитарлық дәрігер өңірдегі қалыптасқан эпидемиологиялық жағдай ескеріліп, ведомствоаралық штабтардың шешімімен елді мекендерде карантиндік шаралар күшейтілуі мүмкін деді.