Коронавирустан қаза тапқандардың саны 304-ке жетті

02.02.2020 17:33

Бір тәулікте осы ауруды жұқтырған 2590 дерек тіркелген

news.myseldon.com

1 ақпандағы жағдай бойынша, Қытайда коронавирустан қаза тапқандардың саны 304-ке, ал вирус жұқтырғандардың саны әлем бойынша 14 380-ге жетті, - деп хабарлайды tengrinews.kz.

Осыған дейін жұқпалы аурудан 259 адам қаза тауып, 11 791 науқастанып жатқаны айтылған еді.

«1 ақпандағы түн жарымдағы жағдай бойынша ҚХР денсаулық сақтау мәселесі бойынша мемлекеттік комитеті 31 провинциядан алған мәлімет бойынша 14 мың 380 адам коронавирустың жаңа түріне шалдыққан, оның ішінде 2110 адам ауыр халде жатыр. 304 адам қаза тапты. 328 адам ауруханадан шығарылды», - делінген жарияланған хабарламада.

Бір тәулікте осы ауруды жұқтырған 2590 дерек тіркелген. Гонконгта 14 адам, Макаода 7 адам және Тайваньда 10 адам науқастанған. Филиппинде Ухан қаласының 44 жастағы тұрғыны 1 ақпанда қайтыс болды.

Сонымен қатар, 19 544 адам коронавирустың жаңа түрін жұқтырды деген күдікпен тексеріліп жатыр. Қазіргі уақытта науқастармен тығыз байланыста болған 137,6 мың адам бақылауға алынған.