Басқа пәле – тілден: қыздарды жөнге салмақ болған ер адам ажал құшты

17.06.2019 17:39

Жас қыз «қоқыс тастама» деп ескерткені үшін ер адамға пышақ сұғып алған

Ресейдің Саратов қаласында 23 жастағы қызға өзіне ескерту жасаған кісіні өлтірді деген айып тағылды. Бұл туралы Тергеу комитетінің өңірлік басқармасының сайтында айтылған, деп жазды Sputnik.

Оқиға 15 маусымға қараған түні болыпты. Тергеу мәліметінше, бір топ қыз-келіншек тәулік бойы жұмыс істейтін дүкенге кіреді. Олардың бірі бос темекі қорабын жерге тастай салған, оны көрген жас жігіт ескерту жасап, екеуі сөзге келіп қалады.

Даудың соңы көшедегі жанжалға ұласып, қыздар 27 жастағы ер азаматты ұрып-соға бастайды. Төбелес кезінде қыздардың бірі жігіттің арқасына пышақ сұғып алған.

Жарақат алған жігіт ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өміріне араша түсе алмады. Жон арқадан тиген пышақ жігіттің өкпесін тесіп өткен. 

Күдіктілерді Ресейдің гвардия қызметкерлері қолға түсірді. Бүгінде оған қатысты қылмыстық іс қозғалды. Айыпталушы 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.