Денсаулық сақтау министрі Женевада ДДҰ елдерін Тоқаевтың бастамасына қосылуға шақырды

30.05.2024 17:43

Ассамблеяның 77-ші сессиясы өтті

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

Женевада ДДҰ-ға мүше 190-нан астам мемлекеттің өкілдерінің қатысуымен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының (ДДА) 77-ші сессиясы өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

ҚР Денсаулық сақтау министрі ДДҰ бас директоры Тедрос Гебрейесустың қатысуымен "Экономикалық аспектілер және "Баршаның денсаулығын қамтамасыз ету және әл-ауқатына ықпал ету" тұжырымдамасын іске асыруды қаржыландыру: денсаулық сақтау қызметтерімен жалпыға бірдей қамтуға қол жеткізу үшін батыл жаңа көзқарас" тақырыбында стратегиялық дөңгелек үстел барысында сөз сөйледі.

Ақмарал Әлназарова ұлттық денсаулық сақтау жүйелерін медициналық-санитариялық алғашқы көмекке қайта бағыттаудың маңыздылығын атап өтті. Бұл тәсіл қарапайым жағдайларда да, төтенше жағдайлар кезінде де халықтың барлық топтары үшін негізгі медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттырады.

Сонымен қатар, А. Әлназарова ДДҰ-ға мүше мемлекеттерді 2023 жылғы қазанда Астанада Қазақстан Республикасының Президенті бастамашылық еткен МСАК жөніндегі елдердің жаһандық коалициясына қосылуға шақырды.

"Қазіргі заманғы сын-тегеуріндер мен жаһандық трендтерді ескере отырып және ДҚЖҚ-ны қамтамасыз етуге және орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге ұмтыла отырып, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев МСАК бойынша елдердің жаһандық коалициясын құру жөніндегі бастаманы ұсынды және елдерді коалицияға қосылуға шақырды. Осыған байланысты, біз мүдделі елдерді Қазақстанның бастамасын қолдауға және МСАК жөніндегі елдердің жаһандық коалициясына қосылуға шақырамыз",-деді Денсаулық сақтау министрі Ассамблеяға қатысушы елдерге арнаған сөзінде.

Коалицияның қызметі МСАК-тың Операциялық тетігін іс жүзінде іске асыруға бағытталатын болады, бұл Коалицияға мүше елдерде МСАК әлеуетін дамытуға ықпал ететін болады, деп атап өтті А.Әлназарова.

Осылайша, Коалиция әріптес елдер арасындағы тұрақты өзара іс-қимылды, біліммен, озық тәжірибемен алмасуды және идеяларды дамытуды қамтамасыз ете отырып, ДДҰ-ның қолдауымен әрекет ететін халықаралық одақ пен алаңның рөлін атқаратын болады.

2023 жылғы 23 қазанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі жаһандық конференцияда алғашқы медициналық-санитарлық көмекті үйлестіру ұйымын құру туралы бастама көтерді. Ол бүкіл әлемде алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету іс-шараларды үйлестіру үшін арнайы құрылымды құру тиімді болатынын атап өтті.

"Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту үшін елдердің коалициясын құруды ұсынамын, бұл коалицияның негізгі міндеті денсаулық сақтаудағы алдын алу қағидаттарын одан әрі ілгерілету және алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту бойынша бірлескен ұсыныстар әзірлеу болуы керек", - деді президент.

Оның бастамасын ДДҰ бас директоры Тедрос Адханом Гебрейюс қолдады.

Оқи отырыңыз:Алматы Мәслихаты еліміздің танымал әртістерінің атымен аталған көше атауларын бекітті