Тәжікстанда толассыз жауған жаңбыр салдарынан 13 адам қаза тапты

28.08.2023 17:45

Бұл туралы ел президенті Эмомали Рахмонның баспасөз қызметі мәлім етті

дереккөзден

Тәжікстанның бірнеше аймағында жексенбі күні жауған толассыз жауын салдарынан 13 адам қаза тапты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Azattyq Ruhy агенттігіне сілтеме жасап.

Бұл туралы ел президенті Эмомали Рахмонның баспасөз қызметі мәлім етті.

Кеше толассыз жауған жаңбыр салдарынан Вахдат қаласы мен Рудаки ауданында табиғи апат болып, соның салдарынан 13 адам қаза тапты, оның ішінде Вахдат қаласында 11 адам және Рудаки ауданында 2 адам бар, делінген хабарламада.

Эмомали Рахмон қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтып, елдің премьер-министріне, Төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс комитетіне және басқа да құрылымдарға табиғи апат салдарынан қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсетуді, сондай-ақ төтенше жағдайдың зардаптарын жою бойынша шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды.

Айта кетсек, жексенбі күні Душанбеде және елдің басқа да аймақтарында жауған нөсер жаңбыр салдарынан жолдарды су басып, соңы селге ұласты.

Республикадағы жолға қызмет көрсететін IRS компаниясының хабарлауынша, сел Душанбе – Чанак жолын шайып кеткен, соның салдарынан бірнеше көлік зақымдалып, тасжол жабылған. Оқиға орнында жол тазалау техникасы жұмыс істеп жатыр. Оқиға куәгерлері әлеуметтік желілерде жолдарды су басып жатқанын көрсететін видеолар жариялады.

Синоптиктер мәліметінше, бүгін, яғни дүйсенбі күні де Тәжікстанда жаңбыр жауады.