Ресей астанасында белгілі шахматшылардың мәйіті табылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Кеше кешке Мәскеудің батысындағы пәтерлердің бірінде белгілі украиналық шахматшы Станислав Богданович пен оның құрбысы Александра Вернигораның мәйіті табылды. Олардың жанында азот тотығы бар шарлар жатқан: алдын ала болжам бойынша, спортшылар көңіл көтеретін газдан уланған. Зорлық белгілері жоқ. Өлімнің нақты себебін сараптама анықтайды. 27 жастағы Богданович гроссмейстер, Одесса және Украина чемпионы болған.
Онымен бірге қаза тапқан 18 жастағы Вернигора әлемдік шахмат федерациясының рейтингінде 1861- ші орында тұр, қыз Украинаның намысын қорғаған. Бірнеше күн бұрын Станислав Богданович Ресей атынан Украинаға қарсы интернет-матчта ойнаған. Осылайша, оның айтуынша, екі ел арасындағы қарым-қатынасты жақсартуға көмектескісі келген. Алайда бұл әрекетіне украиналық әлеуметтік желі қолданушылары наразылық білдірді. Спортшы сын астында қалып қана қоймай, сонымен қатар, Ресейдің насихат акциясына қатысушы ретінде "Миротворец" сайтының базасына енген еді.