Каталонияда түнгі клубтар жабылды
Испания локдаунды алып тастағаннан кейін бір айдан соң қайтадан шектеу шараларын енгізіп жатыр. Себебі елде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар көбейген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Қазақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Ел билігі эпидемияның екінші толқыны бастала ма деп қауіптеніп отыр. Барселонада да вирус жұқтырғандар саны артып жатыр. Жұма күні Испания денсаулық сақтау министрі Сальвадор Илья соңғы тәулікте 900-ден астам коронавирус жұқтыру оқиғасы тіркелгенін хабарлады. Каталония билігі вирус жұқтырғандар санының артуына байланысты өңірдегі түнгі клубтардың жұмысын тоқтатты. Сырқаттанғандардың көпшілігі – ферма жұмысшылары мен түнгі клубтарға барғандар. Сонымен қатар, көбі отбасылық мереке мен достар және туыстарымен кездесу кезінде жұқтырады. Мадридте де жақын күндері шектеу шаралары енгізілуі мүмкін.
Испания астанасының билігі тұрғындарды жабық ғимараттың ішінде, тіпті үйге қонақтар, көрші немесе курьер келсе де маска тағып жүруді сұрады. Мадрид тұрғындарына жақын күндері бар мен мейрамханаларға келушілердің саны бойынша шектеу енгізетінін ескертті.
Испанияның кішігірім Тотана қаласы (Сурсия провинциясы) 55 адам инфекцияға шалдыққаннан кейін карантинге жабылды. Болжам бойынша, сырқаттанғандардың барлығы бір барға барған. Испанияда Covid-19 жұқтырғандар санының артқанына Париж алаңдап отыр. Франция билігі азаматтарына мүмкіндігінше Каталонияға бармауды сұрады. Ал, Норвегия Испаниядан келгендерді карантинге жатқызатынын мәлімдеді.