Баласын темірмен аяусыз ұрып, жаттығу жасатқан әкенің кім екені анықталды

19.04.2020 18:28

Қатыгез әке ұлының алдында жеке кешірім сұрады

Кадры из видео

Әлеуметтік желілерде тарап кеткен видеодағы баласын темірмен аяусыз ұрып-соғып, жаттығу жасатқан ер адамның кім екені анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Видеода баласын аяусыз ұрып, соққыға жыққан ер адам одан жаттығу жасауды талап етіп жатады. Баланың өксіп жылағанына қарамастан, басынан темір құбырмен сабалап, аяғымен тепкілеген әкенің әрекетін әйелі тоқтатпақ болып жанталасады. Бірақ әйелінің жалынып жылаған даусына селт етпеген ер адам кішкентай баланы аяусыз ұрып-соғуын жалғастыра береді. Әкесінің бұйрығын орындауға халі жетпеген балақай соққыдан әбден әлсіреп, жылауға да шамасы келмей, шыңғыра береді.

Видеодағы адамдар қырғыз тілінде сөйлейді. Қазақстанның Ішкі істер министрлігі осы бейнекөрініске қатысты түсініктеме берді. 

«Бұл видео Қазақстанда түсірілген жоқ», - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Кейіннен осы оқиғаның жай-жапсары жайында Қырғызстан ІІМ мәлімдеме жасады. Ол мәлімдемеге сәйкес, қазір аталмыш факт бойынша тексеру жүргізіліп жатқаны, баланы ұрған ер адамның жеке басы анықталғаны белгілі болды.

«1985 жылы туған Эмильбек есімді азамат Жалал-Абад облысы Ала-Бука ауданының тумасы. Оның әйелінің де жеке басы анықталды. Бұл отбасы Ресейге кетіп қалған. Қазір олардың Мәскеуде жалдамалы пәтерде тұрып жатқаны, ер адам әйелі екеуі бес жылдан бері Мәскеуде аула сыпырушы болып жұмыс істейтіні анықталды. Ерлі-зайыптының үш баласы бар. Әйелінің бес айлық аяғы ауыр. Видеоны көріп, балаға аяушылық танытқан азаматтардың бәрі қатыгез әкені түрмеге қамауды сұрап отыр. Алайда баланың анасы онсыз отбасын асырай алмайтынын айтып, күйеуіне аяушылық танытуды сұрап отыр. Қазір ол азаматты бес жылға бас бостандығынан айыру немесе ескерту жасап босату мәселесі талқыланып жатыр», - деді  Қырғызстан ІІМ баспасөз қызметі.

Кейінірек аяусыз соққы жеген баланың ата-анасының жағдайды түсіндірген видеосы пайда болды. Олардың айтуынша, қазір баланың жағдайы жақсы екен, отбасы тату-тәтті өмірін жалғастырып жатыр. Олар сондай-ақ, болған оқиғаға қатысты кешірім сұрасты. Ал баланың әкесі ұлының алдында жеке кешірім сұрады.