Украинада ұшақ апатты жағдайда қонып, бес адам көз жұмды

04.10.2019 19:20

Экипажды зақымдалған ұшақтан шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр

Бүгін таңертең радардан жоғалып кетіп, ұшып-қону жолағынан 1,5 шақырым жерде табылған Ан-12 ұшағы «Львов» әуежайының маңында апатты жағдайда қонуға мәжбүр болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ukrinform-ға сілтеме жасап.

Артынан министр 5 адамның көз жұмғанын мәлім етті. Сондай-ақ, ол ұшақтың апатты жағдайда қонуына жанармайдың таусылуы себеп болғанын атады. Тергеу жалғасуда.

Министр қаза тапқандардың туған-туыстарына қайғыра көңіл айтты.

Украинаның Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік қызметінен мәлім еткендей, 4 қазан күні таңертең радардан жоғалып кетіп, ұшып-қону жолағынан 1,5 шақырым жерден табылған Ан-12 ұшағы «Львов» әуежайының маңына апатты жағдайда қонуға мәжбүр болған.

«4 қазан күні сағат 07:10-да «Львов» халықаралық әуежайынан 13,7 шақырым қашықтықта Ан-12 ұшағы радардан жоғалып кеткені туралы хабар келіп түсті. Сағат 07:29-да экипаждың бір мүшесі байланысқа шығып, Ан-12 ұшағы апатты жағдайда қонғаны туралы мәлім етті. 07:46-да Ан-12 ұшағы ұшып-қону жолағынан 1,5 шақырым жерде табылды», - делінген хабарламада.

Ұшақ өртенбеген. Экипажды зақымдалған ұшақтан шығару жұмыстарына Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік қызметтен 41 адам мен 7 техника жұмылдырылды.




Теги: украина