Ұлы таяуда ғана әкімнің орынбасары қызметіне келген болатын
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердымұхамедов өзінің ұлы Сардарды Ахал уәләйаты – бұрынғы Ашхабад облысының басшысы етіп тағайындады, деп хабарлайды «Азия ТВ».
Ахал уәләйаты Түркіменстан астанасы – Ашхабад өзінің басқарушы органдары бар жеке әкімшілік бірлік болып бөлінгеннен кейін пайда болған. Бұған дейін Бердымұхамедовтың баласы облыс әкімінің орынбасары болатын.
37 жастағы Сердар Бердымұхамедов – Қарулы күштер подполковнигі. 2016 жылы Түркіменстан парламентіне депутат боп сайланған, ал 2018 жылдың наурызында сыртқы істер министрінің орынбасары болып тағайындалған.
2017 жылдың көктемі мен жазында ол жоғары шенді тұлғалармен бірге бірқатар ресми шетел сапарларына барып келген, оның ішінде Ресей мен Қазақстанда болды. Соңғы жылдары ол әкесімен бірге ел алдына жиі шығып жүр, ресми баспасөзде оның «халықтың ұлы» деген атағы бар.
Сонымен қатар, БАҚ беттерінде Сердардың дене шынықтыру қозғалысы мен спорт саласына сіңірген ерен еңбектері жиі қозғалады.
Ахал облысында 900 мың адам немесе ел халқының 14% тұрады. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің 23%-ы, өнеркәсіптік өндірістің 31%-ы және Түркіменстанда өндірілетін табиғи газдың 43,8%-ы осы облыстың еншісінде.