Билік Ыстықкөл мен Тон аудандарында төтенше жағдай жариялады
Қырғызстанда биік таудағы көл тасып, 160 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Олар тасқын болған аумақтың қасындағы елдімекендерге жеткізілген. Құтқарушылар оқиға орнында жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қырғызстанның Ыстық көл облысында Зындан өзеніндегі дамба жарылып, селдің видеосы әлеуметтік желіге тарап кетті. Жергілікті билік халықты жедел түрде эвакуациялаған. Олар көрші елдімекендердегі мектептерге жайғастырылған. Оқиға орнында құтқарушылар селдің салдарымен күресіп жатыр. Арнайы техникалар су бұру жұмыстарын жүргізуде.
Көрші елде табиғи апат бірнеше күннен бері тоқтамай тұр. 18-19 тамызда селдің салдарын жою әлі күнге дейін жалғасып жатыр. Булан-Соготту, Корумду және Темір ауылдарында 497 үй, балабақша, фельдшер-акушерлік пункт, кітапхана, сонымен бірге бірнеше пансионат пен демалыс орны бұзылған. Билік Ыстықкөл мен Тон аудандарында төтенше жағдай жариялады.
Биыл Қырғызстанда селдің салдарынан 25 адам қаза болған. Бұған дейін елдің оңтүстігіндегі Ош, Жалалабад, Баткен облыстарында су тасып, сел жүрген. Төтенше жағдай министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы алты айда табиғи-техногенді апаттардан 1 млрд 900 млн сом шығын келген.
Өмір Серікбекұлы, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Үндістанда адамдар мен пілдер арасында қақтығыс басталды