БҰҰ: Украинадан кеткен босқындар саны 2 миллионнан асты

© РИА Новости / Алексей Витвицкий
© РИА Новости / Алексей Витвицкий
Бүгін Украинада әскери іс-қимылдың жалғасып жатқанына он төртінші күн
Жаңалықтармен бөлісіңіз

АҚШ пен Ұлыбритания Ресей мұнайынан бас тартты. Бұдан өзге, Coca-Cola мен McDonald’s компаниялары да Ресейдегі жұмысын доғаратынын мәлімдеді. Осылай әлем елдері Украинадағы әскери іс-қимылды тоқтатуды талап етуін жалғастыруда. Ал 7 наурызда Ресей мен Украина келіссөздерінің үшінші раунды өткен еді. Соның нәтижесінде екі ел гуманитарлық дәліздерді тиімді қамтамасыз ету туралы келісімге келді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 



Бүгін Украинада әскери іс-қимылдың жалғасып жатқанына он төртінші күн. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәлімдеуінше, Украинадан кеткен босқындар саны 2 миллионнан асыпты. Ал қалғандары әлі де жертөледе жасырынуға мәжбүр. Бұған дейін екі ел гуманитарлық дәліз бойынша ымыраға келіп, атысты уақытша доғаруға уағдаласқан еді. Ал 7 наурызда келіссөздің үшінші раунды өтіп, бірқатар мәселе талқыланды.    

«Саяси және әскери аспектілер бойынша пікірталас жалғасты. Бірақ бұл оңай болмады. Жақсы жаңалық айтуға әлі ерте. Біз көптеген құжат пен келісімшарт, жобаларды алып келдік. Ең болмағанда хаттамаға қол қойылады деп үміттендік. Бірақ Украина тарапы бұл құжаттардың бәрін еліне оқуға алып кетті, ол жерде қол қоя алмады. Яғни, Ресейдің талаптары орындалмады. Бірақ келіссөз жалғасады», - деді Ресей делегациясының басшысы Владимир Мединский.

Бұл ретте Ресейге салынған санкциялар қатары көбейіп барады. McDonald’s пен Coca-Cola компаниялары Ресейде жұмысын доғарғандарын мәлімдеді. Ал Украинадағы әскери іс-қимылды тоқтатуды талап еткен АҚШ билігі мен Ұлыбритания Ресей мұнайынан бас тартып отыр.

«Бұдан былай ресейлік мұнай, табиғи газ және энергетиканы импорттауды тоқтатамыз. Еуропадағы кейбір серіктестеріміз біз сияқты ресейлік мұнайды алудан бас тарта алмай отыр. Бірақ біз олармен тығыз келіссөздер жүргізіп, ұзақ мерзімді стратегия құрмақпыз. Бұл арқылы сол еуропалық елдердің ресейлік мұнайға деген тәуелділігін жоюды көздеп отырмыз», - деді АҚШ президенті Джо Байден.

Ал Владимир Зеленский Джо Байденге Ресей мұнайын импорттауға тыйым салғаны үшін алғыс айтты. Зеленский бұл шектеу Ресей экономикасына қатты соққы болады деп есептейді. Ол сондай-ақ Ресей басшысын әскери іс-қимылды тоқтату үшін тікелей келіссөзге шақырды.

Айта кету керек, Ресей Федерациясы Батыс елдерінің жариялаған шектеулеріне қарсы санкциялар қабылдауда. Енді «Солтүстік ағын-1» газ құбыры бойынша Еуропаға газ жеткізуді доғаруды жоспарлап отыр. Егер Ресей мұндай қадамға барса, еуропалық тұтынушылар үшін газ бағасы бірден шарықтауы мүмкін.

Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров