Қаза болғандар мен зардап шеккендер туралы нақты деректер анықталып жатыр
Ресейдегі Пермь университетіне мұздай қаруланған жас жігіт студенттер мен оқытушыларға оқ жаудырған. Алдын ала ақпарат бойынша, 8 адам оқиға орнында тіл тартпай кетсе, 19-ы ауыр жарақат алған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Әлеуметтік желіде таралған бейнежазбалардан студенттердің терезеден секіріп, қашып жатқанын көруге болады.
Көрші елдің Ішкі істер министрлігі күдіктінің қолға түсіп, үстінен қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Кейбір ресейлік ақпарат көздері оның полицияға қарсылық көрсету кезінде жарақат алып, ауруханаға барар жолда жедел-жәрдем көлігінде көз жұмғанын хабарлады.
Тергеу комитетінің мәліметінше, күдікке ілінген қаскөй – сол оқу орнының студенті. 18 жастағы Тимур Бекмансуров әлеуметтік желісіндегі парақшасына бұл күнді асыға күткенін және ұзақ жылдар бойы дайындалғанын жазған.
«Мен бұл туралы ұзақ ойландым. Жылдар өте іске кірісетін уақыт келгенін түсіндім. 10-сыныптан бастап қаруға ақша жинай бастадым. 2021 жылдың наурыз айында қару сатып алуға қаражатым жеткілікті болды. Сондықтан 18 жасқа толған соң лицензияға қол жеткізуге асықтым», - деп жазған ол.