1961 жылдың 12 сәуірінде Кеңес Одағының азаматы Юрий Гагарин «Восток» ғарыш кемесімен Байқоңырдан көкке зымырады
Байқоңырдан «Союз МС-18» немесе «Гагарин» деп аталған зымыран тасығышы ұшырылды. Экипаж құрамына Роскосмос ғарышкерлері Олег Новицкий, Петр Дубров және NASA астронавты Марк Ван де Хай кірді. Аты айтып тұрғандай, кеменің көкке көтерілуі биыл Қазақстанның Байқоңырдан тұңғыш рет адам баласының ғарышқа ұшқанына 60 жыл толуына орайластырылған. Содан бері қазақ жеріндегі ғарыш айлағы -дүниежүзіне ең жоғары технологиялық салалардың енуіне, ғылыми сынақтар жүргізуге үлес қосып келеді. Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатады.
Алпыс жыл бұрын адам баласының басты арманы қазақ жерінде жүзеге асты десек артық айтпаспыз. 1961 жылдың 12 сәуірінде Кеңес Одағының азаматы Юрий Гагарин «Восток» ғарыш кемесімен Байқоңырдан көкке зымырады. Содан бастап Байқоңыр ғарыш орталығына айналды. Өз кезегінде Қазақстан ғарыш державасына болмаса да, тәуелсіздік алғаннан кейін дербес мемлекет ретінде аталған саланы меңгеруге және дамытуға ден қоя бастады. Қазақ азаматтары да ғарышты бағындырды. Сонымен қатар, Қазақстан Үкіметі «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін жаңа ғарыш кешенінен бірінші ұшырылымды 2025 жылы жүзеге асыру жоспарланып отыр.
«Мен қазақтың осы ғарыш саласында болашағы болатынына өте сенемін. Болады деп ойлаймын. Неге десеңіз, қазіргі уақытта Президенттің әкімшілігі де, Президенттің өзі де көзқарасы ғарышқа қарай жаман емес. Көп Ресеймен де жақындығымыз бар. Франциямен де жақындығымыз бар ғарыш саласында, келісімдер де көп. Ондай келісімдер болу керек деп ойлаймын», – деді ҚР Халық қаһарманы, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров.
Иә, жұмыстар өз нәтижесін беріп жатыр. Мәселен, 2006 жылы 18 маусым күні Қазақстанның тұңғыш жеке Жер серігі – «KazSat» Байқоңыр ғарыш айлағынан көкке көтерілді. Осылайша Қазақстан ғарышпен байланысы бар жиырма бес елдің қатарына қосылуға тұңғыш қадамын сәтті жасап, ТМД елдеріндегі Ресейден кейінгі жасанды жер серігі бар екінші мемлекетке айналды. Одан кейін «KazSat-2», «KazSat-3» жер серігі аппараттары орбитаға шығарылды. Ғарышқа жол салған жер серіктеріміз телекоммуникациялық қызметтің жаңа түрлерін көрсетумен қатар, еліміздің қорғаныс, ауыл шаруашылығы, төтенше жағдайлар саласында айтарлықтай маңызды істер тындыруда.
«2018 жылы 4 желтоқсанда Қазақстанда жасалып, құралған спутник ұшырылған болатын. Біздің Спутник жердің ионосферасын зерттеумен айналысады. Жер сілкінісі болған жерде ионосфера өзгереді. Міне, сол теорияны зертеу мақсатында спутник ғарышқа жіберілді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығында тыңайтқыштарды тиімді қолдану, малдарды құжаттау секілді жұмыстарда қолданылады», – деді Ғарыштық техника және технологиялар институтының спутниктік навигациялық
технологиялар зертханасының меңгерушісі Нұрлан Боғыспаев.
Ал, бүгін көкке ұшқан экспедицияның жоспарланған ұшу ұзақтығы 191 тәулік. Экспедиция командирі Новицкий қазан айында жерге оралады, ал экипаждың екі мүшесі Ванде Хай мен Дубров бір кеме арқылы ұзақ экспедицияға орбитада қалады. Ұшу бағдарламасы 50-ге жуық ғылыми эксперименттер жүргізуді көздемек.
Асылбек Тойбек