Халықаралық импорт көрмесіне әлемнің 154 елінен өкіл келеді
Шанхай қаласында 5-10 қараша аралығында 6-шы Қытай халықаралық импорт көрмесі (China International Import Expo, CIIE) өтеді. Бұл туралы брифинг кезінде ҚХР СІМ ресми өкілі Ван Вэйбинь мәлім етті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі primeminister.kz-ке сілтеме жасап.
ҚХР СІМ хабарламасында CIIE көрмесінің ашылу салтанаты мен оған қатысты іс-шараларға Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайылов, Аустралия премьер-министрі Энтони Альбанезе, Куба премьер-министрі Мануэль Марреро, Сербия премьер-министрі Ана Брнабич пен басқа да елдердің делегация басшылары қатысады.
Жалпы 6-10 қараша аралығындағы 6-шы Қытай халықаралық импорт көрмесіне әлемнің 154 елі мен өңірі, сондай-ақ халықаралық ұйым өкілдері қатысады. Қазіргі уақытта қатысу үшін 3,4 мың компания тіркелген. Оған 410 мыңға жуық кәсіби сатып алушылар келеді деген болжам бар. Биыл 70 ел ұлттық өнімін таныстырады.
Қазақстан бұл көрмеге алғаш ашылған 2018 жылдан бері қатысып келе жатыр.
Биыл Қазақстан екі стенд қойған. Біріншісі - мемлекеттер стенді. Мұнда ірі ұлттық компаниялар елдің экспорттық, инвестициялық, логистикалық, инновациялық және туристік әлеуетін таныстырады. АӨК секторы атынан Ет одағы, Қазақстанның Майлы дақылдарды қайта өңдеу ұлттық қауымдастығы, Дән одағы мен Өндірістік корпорация бар.
Екінші стенд - коммерциялық емес, оның алаңында отандық тауар өндірушілер Қытай нарығында сұранысқа ие АӨК өнімін таныстырады.
Оқи отырыңыз: Әлихан Смайылов Қытайға сапармен барды