Германияда коронавирус жұқтыру жағдайларының ең көп күндізгі өсім көрсеткіші тағы тіркелді.
Роберт Кох институты өткен тәулікте елде 2034 адамның коронавирус жұқтырғанын мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Бұл – сәуір айының соңынан бергі ең көп вирус жұқтыру көрсеткіші. Наурыз айының соңы мен сәуір айының басында SARS-CoV-2 жағдайларының максималды тәуліктік өсімі – 6000-нан асқан.
Әсіресе ауруға шалдығу жағдайларының көпшілігі елдің батыс және оңтүстігінде, сондай-ақ Берлинде тіркелген. Соңғы мәліметтер бойынша, Германияда SARS-CoV-2 пандемиясы басталғаннан бері 232 082 адам індетке шалдыққан, 206 600 адам сауығып шыққан. Коронавирус инфекциясынан 9267 адам қайтыс болды.
Сарапшылар инфекция жұқтыру жағайлары Германияда да Еуропаның басқа елдерінде де айтарлықтай артып келе жатқандығын айтады.
Коронавирус жұқтыру жағдайлары көбіне адамдардың өзге елдерден демалыстан қайтып келіп жатуына және той-томалақтардың көптеп ұйымдастырылуымен байланысты артқан.
Осыған байланысты Германия канцлері Ангела Меркель коронавирусқа қатысты шектеулердің одан әрі жеңілдетілуіне қарсы шықты. ГФР Денсаулық сақтау министрі Йенс Шпан алдағы карнавал маусымын толығымен алып тастауға шақырды.