Осы ретте Германия канцлері Ангела Меркель зардап шеккендерге федералды бюджеттен 100 миллион еуро беруге уәде берді
Германияда жойқын су тасқынынан көз жұмғандардың саны 60-қа жетті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Негізінен елдің батыс бөлігі - Солтүстік Рейн-Вестфалия мен Рейнланд-Пфальц жерлері зардап шеккен. Жауын-шашынның салдарынан Рейн ағын сулары мен басқа да шағын өзендер арнасынан тасып, айналасындағы елді мекендерді су алып кетті. Сұрапыл тасқын Чехия, Нидерланды, Люксембург, Франция елдеріне де әсер етті. Ғалымдар бұл жауын-шашынның рекордтық көрсеткішке жеткенін айтып, оны жаһандық жылумен байланыстырып отыр. Олардың айтуынша бұл - соңғы 20 жылдағы Еуропада болған ең апатты су тасқыны. Ал, тәуелсіз сарапшылардың есебінше табиғи апаттың кесірінен болған жалпы шығын - шамамен 12 миллиард евро болуы мүмкін. Осы ретте Германия канцлері Ангела Меркель зардап шеккендерге федералды бюджеттен 100 миллион еуро беруге уәде берді.
«Бұл тарихи ауқымды оқиғаның үлкен зиян келтіргені анық. Біз көмектескіміз келеді, өйткені су тасқыны деңгейі баяу төмендеп келе жатқанымен, барлығын қайта қалпына келтіруге ұзақ уақыт кетеді. Бавария мемлекеті мен Германия үкіметі 100 миллион еуро көлемінде шұғыл көмек көрсетеді», – дейді Германия федералдық канцлері Ангела Меркель.